ХҚО қызметкерін соққыға жыққан бұзақы қылмыстық жауапкершілікке тартылатын болды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Тамыз айында Алматы қаласында ХҚО қызметкерін соққыға жыққан бұзақының ісіне әлі нүкте қойылмай келеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Еске салсақ, осы жылдың тамыз айында ер адам Алматы қаласының Алмалы ауданының ХҚО-ға жүгінген. Ол өзінің кәмелет жасына толған қызының атынан қызмет алғысы келгені хабарланған болатын. Алайда оның туыстық қатынасты растайтын құжаттары болмаған. Ол кісіге құжаттардың толық пакетін беру қажеттілігі бірнеше рет түсіндірілгенімен, ол құжатсыз-ақ қызметтің көрсетілуін талап еткен. Азаматтың қоқан-лоққысына қарамастан, оператор маман қызмет көрсетуден бас тартқан. Ер адам ХҚО маманын соққыға жығып, мұрнын сындырған. Полиция қызметкерлері әкімшілік іс қозғап, оны сотқа жіберген.

«Алайда сот материалдарды полиция департаментіне қылмыстық іс қозғау үшін қайтарып беріп отыр. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізілуде», - деді бүгін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің брифингі барысында «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының төрайымы Әсемгүл Балташева.

Яғни, күдікті әкімшілік емес қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Әсемгүл Балташеваның айтуынша, жыл басынан бері Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларындағы ХҚО қызметкерлеріне тап беру бойынша 8 факт тіркелген.

«Көп жағдайда адамдар үшінші тарапқа қызметтерді нотариалды куәландырылған сенімхатсыз алғысы келген. Қызметкерлеріміз қызмет көрсету стандартын сақтай отырып, өтінішті қабылдаудан бас тартқан кезде, қызмет алушылар сөзге келіп, кейбірі тіпті жанжал шығарған. Осы факті бойынша материалдар құқық қорғау органдарына жіберілді», – деп толықтырды ол.

Соңғы жаңалықтар