Химия бойынша Нобель сыйлығының жеңімпазы анықталды

None
None
СТОКГОЛЬМ. ҚазАқпарат – Химиядан 2021 жылғы Нобель сыйлығы Беньямин Лист пен Дэвид Макмилланға асимметриялық органикалық катализаторды жасап шығарғаны үшін берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Нобель комитетіне сілтеме жасап.


Нобель комитетінің ресми мәлімдемесінде Лист пен Макмиллан 2021 жылы химия саласындағы Нобель сыйлығына молекулалық құрылымның жаңа дәл құралын: органокатализді жасағаны үшін ие болғаны атап өтілген.

Бұл жаңалық фармацевтикалық зерттеулерге айтарлықтай ықпал етіп, химияны экологиялық таза етуге үлесін қосты.

Беньямин Лист и Дэвид Макмиллан 2000 жылы өз алдарына катализдің үшінші үлгісін жасап шығарған болатын. Олардың жаңалығы асимметриялық органокатализ деп аталып, шағын органикалық молекулаларға негізделген.

«Катализдің бұл тұжырымы қарапайым болса да, өте керемет. Көптеген адам бұл туралы бұған дейін неге ойланбадық деп айтып жатыр», - деп атап өтті химиядан Нобель комитетінің төрағасы Йохан Аквист.

Еске сала кетейік, 4 қазаннан бастап 2021 жылғы Нобель сыйлығының лауреаттары жария етіле бастады. Биыл коронавирус пандемиясына байланысты сыйлық 10 желтоқсан күні 10 елде табысталады. Марапаттау рәсімі жылда Стокгольмде өтетін.

Бұған дейін медицина және физика салалары бойынша Нобель сыйлығының иегерлері белгілі болды.



Соңғы жаңалықтар