Харбинде туркомпаниясы бар қандасымыз Алматыда туристік база ашуды армандайды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Рысбек Масғұтұлы – кәсіпкерлікке белді бекем буған жігіт. Бай-Өлкеде туған қандасымыз – Қытайдың Харбин қаласындағы туристік компанияның директоры. Бала кезден саяхаттауды, ел көріп, жер тануды ұнататын Рысбек Харбинде оқып жүріп, достарының басын біріктіріп, «Ayam tour» компаниясының негізін қалаған. «Мақсатым – әлем туристеріне қазақтың байырғы салтын, саятшылығын таныту» дейді ол.

Туристердің назарын Қазақ еліне аударғым келеді...

«Осыдан екі жарым жыл бұрын туризм саласында бизнес бастаған едік. Менімен бірге жұмыс істейтін бір француз, бір кәріс жігіт бар. Бәріміз Харбинде таныстық. Әу баста компанияға «Kazakh Nomad» деген ат бергенмін. Алайда тек бір бағытта емес, жан-жақты жұмыс жүргізу үшін компанияның атын өзгерткен жөн деп шештім», - дейді ол.

Рысбек алғашқыда компания арқылы туристерді Бай-Өлкеге бағыттауды мақсат тұтыпты. Ол бір жағынан ерте кездегі көшпелі өмірді, саятшылықты ең берік сақтап қалған сондағы қазақтар деген сенімге де негізделген екен. Айтуынша, сондағы қазақтардың арқасында Моңғолия қазір шетел туристерінің назарын өзіне аударып отыр.

«Бай-Өлкеде өзіміздің тізгіншіміз, көлігіміз, аудармашы мамандарымыз бар. Онда сәуір айынан қазанға дейін турист үзілмейді. Желтоқсаннан сәуірге дейін күн суық болатындықтан, келушілер сиреп кетеді. Ондағы қазақтардың ең үлкен тойы – «Golden Eagle festival», яғни бүркітшілер фестивалі. Шетел туристері де дәл осы фестивальді асыға күтеді. Мен осы жолы Қазақстанға келерден бірнеше күн бұрын сол фестиваль Бай-Өлкеде болып өтті», - дейді ол.

Әйтсе де, Рысбек Моңғолия қазақтарының салт-дәстүрінің жылдан жылға жоғалып бара жатқанынан қауіптенеді. Сөзіне құлақ ассақ, ол жаққа нарық та, жаһандану да кіріп кеткен.

«Қырдағы кісілер баласын оқуға жібереді. Оқу оқып келген бала қайта мал бағуға келмейді. Оның әке-шешесі қартайып бақиға кетсе, бір әулет қырдан жоғалады деген сөз. Моңғолияда қазір нағыз бүркітшілерден 60-70 адам бар. Келешегі қалай боларын, құдай біледі. Десе де, туристердің арқасында бүркітке қызығушылар да артып келеді», - дейді ол.

Кәрістер Моңғолияға ЖҰЛДЫЗ көру үшін келеді

Осыдан кейін Рысбек Масғұтұлымен әңгімеміз туризм жайында өрбіді. Пайым-пікіріне құлақ аса отырып, оның бұл салада әбден маманданып қалғанын аңғардық.

«Әлем бойынша экономикалық өсімі ең жоғары әрі әлеуетті сала – туризм. Бұл істің көзін тапса, ол қай елге болмасын зор табыс әкеледі. Мысалы, ХХ ғасырда әлемдік туристердің саны 50-100 млн адамның шамасында еді. Қазір әлемде тұрақты туристердің саны 1 млрд 200 млн адамнан асып кетті. Турист боп келген адам барған жеріне ақша тастап кетеді. Сондықтан, туризмнің әсері қай елге де мол», - дейді ол.

Компаниясының табысы жайлы сұрағымызды ұйым директоры сыпайылықпен айналып өтті. «Бұйырғаны бар. Бастысы келешегі зор» деп есептейміз дейді. Шетелдік компаниялармен қарым-қатынас ұстап отыратын мықты менеджерінің, ағылшын, француз, қытай және кәріс тілдерін білетін төрт маман мен веб-дизайнердің арқасында жас компанияның тасы өрге домалап тұр. Жеті адам тұрақты жұмыс жүргізсе, жер-жердегі тізгіншілерінің жұмысы маусым бойынша, көбінесе жаз айларында басталады екен. Ал компанияның өзінде жұмыс қыста да, жазда да қызу. Себебі, 6 миллионға жуық халқы бар (қала шетіндегі халықпен қосқанда 10 миллионнан асып кетеді) Харбин нарығында туристік агенттік өшпей, өркендеу үшін қарқынды жұмыс жүргізу керек.

«158 мемлекетті біріктіретін БҰҰ жүйесінің үкіметтік мамандандырылған мекемесі – Дүниежүзілік туристік ұйымы (World Tourism Organization – UNWTO) жыл сайын әлемде туристік статистикалық есепті жүргізеді. Ол ұйым туристік мақсатта ақша жұмсайтын әлем халықтарының ондығын – рейтингін шығарады. Мәселен, қытай халқы шетелде немесе өз елінде демалу үшін жылына 250 млрд доллар жұмсайды екен. Одан кейінгі орында - АҚШ. Артынша, рейтингті Франция, Оңтүстік Корея елдері жалғастырып кете береді. Біздің мақсатымыз – осы туристік бағытқа шығып жатқан қаражатты біздің елімізге тарту, қазақтың ежелгі салт-дәстүрін соларға насихаттау», - дейді Рысбек Масғұтұлы.

- АҚШ Президенті Дональд Трамптың ұлы өткенде Бай-Өлкеге саяхаттап қайтқанын естідік. Гавай аралдарында күнге қыздырынып жатудан бұрын танымал әрі дәулетті туристтердің Моңғолияны таңдауының себебі неде? Оларды қызықтыратыны - көшпелі өмірдің соңғы сарқыншағы ма?

- Саяхатшылар әртүрлі мақсатта сапарға шығады. Еуропа, Қытай, Жапония, Корея елдерінің туристерін жеке-жеке зерттеп көрдік. Мәселен, еуропалық және америкалық туристер салт-дәстүрді, мәдениеттер ерекшелігін, табиғатын көргісі, рухани азық алғысы келеді. Олар өткенге бойлап, тарихты танығысы келеді. Осыдан 200 жыл бұрын Еуропада да өмір басқаша болды ғой. Олар тек Моңғолияда емес, әлемдегі ескі өмір салты сақталған барлық жерге құмар. Бірақ, Моңғолияға туристер қаптап келіп жатыр десек, ол тағы өтірік. Қазақстанмен салыстырғанда аз.

- Қазақстанмен салыстырғанда Моңғолияға келетін туристердің саны аз дейсіз бе?

- Туристердің саны жағын салыстырсақ, Қазақстаннан сәл де болсын аз. Бірақ ол жақта туризм саласында қызмет көрсету жақсы дамыған.

- Мысалы?

- Мәселен, қарапайым даяшылығы. Сол жағынан Моңғолияның артықшылығы бар. Сол жерде жұмыс істеп жатқан компанияларды Қазақстандағылармен салыстырсаңыз, тәжірибесінің көп екенін байқайсыз. Бірақ, келушілердің саны белгілі себептермен аз.

Моңғолияға сол секілді басқа себептермен келетіндер де бар. Мысалы, кәрістердің жері кішкене, қалалары бір-біріне жақын орналасқан. Корея аспанында жұлдыз көрінбейді. Кәріс балалары жұлдыздарды көрмей өседі деп ұқсаңыз болады. Міне, сондықтан, олар моңғолдың жеріне келсе, жұлдыз атаулыны тұнық көруге болатынын әбден біледі.

Қазақстанның туризмі: Сырттан көзқарас

- Қазақстанға жиі келіп тұрасыз ба?

- Соңғы рет осыдан төрт жыл бұрын келгенмін. Ол кезде ЭКСПО ғимараттары салынып жатқан еді. ЭКСПО ғимараттарынан бөлек, астананың барлық жерін көрдім. Сондықтан, бұл жолы ЭКСПО-ны көруге арнайы келіп отырмын.

- Таңғалдырып жатыр ма?

- Иә. Өзгерістер болып жатыр екен. Менің ойымша, Қазақстан өркендеу жолында жақсы жұмыс жүргізіп жатыр. Әлемдік ақпарат көздерінен де Қазақстанның еңбегін бағалап, жазып жатқандар баршылық.

- Әлемдік туристерді тарта алатындай Қазақстанның қандай артықшылығы бар деп ойлайсыз? Қазақстанның туристік әлеуетіне қалай баға берер едіңіз?

- Әлем елдерін аралап жүрмін. Саяхаттап жүрсең, алдымен «қайдан келдің?» деп сұрайды. Моңғолиядан келгенімізді, әңгіме қызса, қазақ екенімізді айтамыз. «Қазақпын» деген кезде көп адамның қай ұлт деп танымай жататыны бар. Сол үшін қазақ екенімізді, Қазақстан деген ел барын танытқымыз келеді. Сол кезде кейбір адамдардың Қазақстан туралы көзқарасы, ұғымы бөлекше сезіледі. Мысалы, «стан» деген сөзді естігеннен-ақ олар Қазақстанды Ауғанстан қатарлы мемлекет деп ойлайды. Яғни, белгілі бір деңгейде «өй, бұлар қауіпті мемлекет» деген ой қалыптасып қалған. Барынша түсіндіріп бағамыз. Кезінде біз Қазақстанның атын Қазақ елі деп өзгерткелі жатқанын естігенбіз. Қазақ елі атанса, бәлкім, бұл туризм саласына көп әсерін беруі мүмкін. Себебі, туристер ең алдымен, қауіпсіздікке қатты мән береді. Бір жерге барған кезде олар ең алдымен «сол жерде қауіпсіз жүре алам ба?» деп ойлайды.

Екіншіден, Қазақстан өз тәуелсіздігін алғанына көп болмаған мемлекет. Енді-енді танылып келе жатыр. Мүмкін, кішкене шетелге жарнама жасау керек шығар. Олай етсе, Қазақстанның табиғаты керемет деп ойлаймын. Маңғыстау жері, Алматы, Шығыс Қазақстанда қаншама әдемі жерлер бар екен. Барып көрмесем де, интернеттен байқап отырмыз. Жоспар құрып, ол жерлерді барып көру де керек екен.

Қазақстанда бір қиыны жабайы табиғатқа шықсаңыз – қонып, демалатын жер жоқ. Ал Моңғолияда қырдағы қазақ көп. Кез келгенінің үйіне барып, қона бересіз. Ал Қазақстанда 100-150 шақырымға дейін қонатын орын таппай қалуыңыз мүмкін.

- Харбинде қалуды ойлап жүрсіз бе?

- Жаһандануға байланысты қазір адамдар әлемнің түкпір-түкпірінде жұмыс істей алатын дәрежеге жетті. Қазір жастар қай жерде қандай мүмкіндік бар – сол жерде жұмыс істегісі келеді. Мен бұл істі бастауымның себебі – өзімнің де саяхатты жақсы көруімде. Өз ісіме ынталымын. Міне, сол себепті менің ісімнен түбі жақсы нәтиже шығарына сенемін! Екіншіден, туризм саласының өсімі жылдан жылға артып келеді. Бұл бизнестің келешегі өте жоғары. Осы ұғымға сүйендім. Бірақ, келешекте Қытайда қалам-ау деген ой жоқ. Сол жақта шамам жетсе білімімді шыңдап алғым келеді. Қазақтың бәрі Қазақстанға келгісі келеді. Келе алмай жүргендеріне белгілі бір себептер бар шығар. Әйтсе де, келешекте Қазақстанға көшеміз деген ой бар. Алдымен, өз басым Харбинде бизнес жайы қалай боларына жіті біліп алсам деймін.

- Қазақстанның туркомпанияларымен байланыстарыңыз бар ма?

- Иә, бір компанияға хабарласып отырмыз. Себебі, Қазақстанға да турист жіберсек деген ынтамыз бар. Бірақ, ол кісілер Қазақстан туралы мәліметтерді ағылшын тілінде әлі ұсынған жоқ. Бізге жақында жіберіп қалуы керек. Бірлескен жұмысымыз енді басталады.

Қазақстанда бір жоба бастасам...

«Моңғолияда 100 мыңнан астам қазақ бар. Соның 70 мыңнан астамы қырда өмір сүреді. Жылына 4-6 рет көшіп, мал бағады. Қалғаны қалада. Қырда жүрген қазақтың бәрі Қазақстанға көшкісі келгенімен, үйренген ортасындай дәл осында жұмыс істей ала ма? Міне, сол сұрақ. Бәлкім, Қазақстан қандай да бір жер бөліп, көшпелі өмірдегі 60-70 мың қандасын көшіріп алса қалай болар еді? Жағдайы болса, бәлкім, сол қандастарыңыз көшпелі өмірімен келіп, ауыл шаруашылығыңызды өрге сүйреп, туризмді де дамытып беруге қауқарлы. Моңғолияға келген туристер ондағы қазақты қазақ деп білмейді. Моңғол деп ойлайды. Мені кейде осы мәселе де қынжылтады», - деп бір мәселе көтеріп отыр Рысбек Масғұтұлы.

Оның айтуынша, бір ғана бүркітші қыз Айшолпанның саятшылығы Моңғолияның экономикасына да, имиджіне де оң сипатта әсер еткен.

«Әріптестеріме Алматы өңірінің табиғатын көрсетіп, сонда туристік база ашу туралы жоба бастауды ұсынғанмын. Бірақ, Қазақстанның заңы қалай? Қалай жұмыс бастап кетуге болады? Соны жақсы түсінбей жатқандықтан, жобаны әлі зерделеудеміз. Осы жолы Қазақстанға келуімнің себебінің бірі де осы мәселелер бойынша біліммен қаруланып қайту. Егер біз ұғысатын болсақ, Алматы өңірінде қазақ салтының үлгісімен туристік база аша аламыз. Ол жерде киіз үйі, бүркіті бар база ашсақ дейміз. Бүркіт түлкіні қалай ұстайтынын көрсетсек, көшпенділердің тұрмыс-тіршілігін танытсақ, туристерді көптеп тартуға болады деген ойдамын. Моңғолияда бар нәрсе неліктен Қазақстанда бола алмайды?! Нағыз табиғи, жасандылықтан тыс өмір салтын алып келсек... Осы жағынан жұмыс жүргізсе, туристер Қазақстанға көптеп келеріне сенімдімін», - дейді Рысбек Масғұтұлы.

- Бәрекелді. Ісіңіз ілгері бассын.

- Көп рахмет!

***

P.S. Рысбек Моңғолияның денсаулық сақтау ғылымдары университетінің қоғамдық денсаулық сақтау мамандығы бойынша білім алған. Қытайдағы Солтүстік-Шығыс орман шаруашылығы университетінің халықаралық сауда бойынша магистратурасын бітірген. Қазақ, ағылшын, корей, моңғол, қытай тілдерінде еркін сөйлейді.

Рысбек Масғұтұлымен қауыштырып, сұхбат алуға мұрындық болған Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығына алғыс білдіреміз.

Соңғы жаңалықтар