«Халықтың сүйіктісі-2019» сыйлығына үміткерлерді ұсыну басталды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «Халықтың сүйіктісі» дәстүрлі қоғамдық сыйлығына үміткерлерді ұсыну басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Республика-Аймақ-Даму» қоғамдық қорының президенті Ғалым Байтоқ ҚазАқпарат тілшісіне хабарлағандай, сыйлықтың биылғы нұсқасында бірқатар өзгеріс бар. Атап айтқанда, бұрын номинацияға ие болған адамды үміткер ретінде биыл қайта ұсынуға болады. Сонымен бірге, «Үздік трэвел-блогер» жаңа аталым қосылып отыр. Ол саяхаттар мен туристік іс-шараларды насихаттайтын блогерлерге беріледі.

Осымен тоғызыншы жыл берілгелі отырған сыйлықтың номинациялар тізімі мынадай: «Жылдың үздік мұғалімі», «Жылдың үздік дәрігері», «Жылдың үздік спортшысы», «Жылдың үздік парламентарийі», «Жылдың үздік тележүргізушісі», «Жылдың үздік публицисі», «Жылдың үздік мәдениет қайраткері», «Жылдың үздік ақпараттық интернет-басылымы», «Блог саласының көшбасшысы», «Жылдың үздік трэвел-блогері», «Жылдың үздік фермері», «Жылдың үздік кәсіпкері», «Жылдың үздік әлеуметтік белсендісі», «Жылдың үздік вайнері».

Бүгін сағат 22.00-де «Халықтың сүйіктісі» сыйлығының Facebook-тегі ресми парақшасында, алдын ала кезең – үміткерлерді ұсыну жұмысы басталып, ұсыныстарды қабылдау 13 қазанға дейін жалғасады.

Үміткерлерді әлеуметтік желінің қолданушылары ұсына алады. Номинанттар айқындалғаннан кейін «Халықтың сүйіктісі» сыйлығының Facebook-тегі парақшасында 21-30 қазан аралығында дауыс берудің алғашқы кезеңі өтеді.

Еске сала кетсек, «Халықтың сүйіктісі-2018» жүлдесіне ие болған жеңімпаздар биылғы қаңтарда марапатталған болатын. «Жылдың үздік ақпараттық интернет-басылымы» номинациясын «ҚазАқпарат» Халықаралық ақпарат агенттігі жеңіп алған еді.

Соңғы жаңалықтар