Халықтың әл-ауқаты экономика көрсеткіші болуы тиіс - Дәурен Абаев

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстан өз азаматтарының әл-ауқатын көтеруге ниетті. Оның ішінде қатардағы орташа статистикалық қазақстандыққа баса мән беріледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев АЭФ-2019 аясындағы «Азаматтық қоғамды әл-ауқат саясатына тарту» панельдік сессиясында айтты.

«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев экономика дамуының халықтың әл-ауқатымен тікелей байланысуын үнемі айтып жүреді. Сарапшылар да мемлекет тиімділігінің ЖІӨ көлемімен, алтын қорымен немесе экономикалық өсім көрсеткішімен бағаланатын заманның өткенін айтуда. Бүгінде мемлекеттің экономикалық табысты барлық халық тобына қалай бөлетіні маңызды. Тәуелсіздіктің 28 жылында ЖІӨ-нің өскенін көрдік. Бірақ, дәл осы 28 жылда Қазақстан халқы бақыттырақ бола алды ма? Бұл тақырыпты талқылау қажет деп есептеймін», - деді министр.null

Оның айтуынша, ХХ ғасырда көптеген мемлекет кедейліктен құтылуды мақсат етіп қойса, қазіргі уақытта бақыт пен бақуаттылықты түсініктері алдыңғы қатарға шығып отыр. Бірақ, бұл рейтингті жүргізуде бірізділік жоқ.

«Бүкіләлемдік бақыт есебін жасаушылар жан басына шаққандағы ЖІӨ, әлеуметтік қолдау, өмір сүру ұзақтығы сынды аясы тар критерийлерді негізге алады. Нәтижесінде Финляндия, Дания, Норвегия және Ислания елдері бірінші орында тұрады. Алайда, өмірге қанағаттану туралы бірегей индекс жасап шығарған Жаңа экономика қорының тәжірибесі қызығушылық тудырды. 2012 жылы бұл рейтингте Коста-Рика, Вьетнам, Колумбия елдері озып шықты», - деді министр.

2011 жылдан бастап, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) жайлы өмір индексін анықтау үшін кешенді зерттеу жүргізіп келеді. Индекс ауқаттылық параметрлерін 2 топқа бөледі.

Алғашқы топ тұрғын үй жағдайы, табыс көлемі сынды материалдық критерийлерді қамтыса, екінші топта - білім, экология, азаматтық құқықтар, денсаулық, қауіпсіздік, өмірге қанағат, жұмыс пен жеке өмір теңгерімі қарастырылады.

«2018 жылы рейтинг 149 елді қамтыды және Қазақстан 2019 жылы 60-орынға көтерілді. Қазақстан өз алдына қолжетімді мақсат қойып отыр - азаматтардың әл-ауқатын ЭЫДҰ елдерінің деңгейіне көтеру. Оның ішінде орташа статистикадағы қазақстандықтың әл-ауқатын арттыруға баса мән беріледі. Бұл міндетті орындау үшін билік, бизнес және азаматтық қоғам өзара әрекеттестікте болуы тиіс», - деп өз сөзін түйіндеді Дәурен Абаев.

Соңғы жаңалықтар