Халыққа жайылымдық жер беруде бюрократия өте көп – Ақылбек Күрішбаев

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Жер реформасы жөніндегі комиссия Үкіметке орман алқаптарынан жайылымдар мен шабындықтарды жалға беру бөлігіндегі заңнаманы жетілдіруді ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен өтіп жатқан Жер реформасы жөніндегі комиссияның үшінші отырысында экономикалық мәселелер жөніндегі жұмыс тобының басшысы Ақылбек Күрішбаев осындай ұсыныс айтты.

«Орман қоры жерлеріндегі орман шаруашылығы үшін пайдаланылмайтын ауылшаруашылық алқаптарын ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер санатына ауыстыру және жергілікті халықтың мал жаюы үшін сол жерлерді жалға беру мүмкіндігін кеңейту қажет. Орман қоры жерлерін азайтуға топ мүшелері қарсы болды. Өйткені Қазақстандағы орман алқабының үлесі бес-ақ пайыз. Керісінше, біз ормандарымызды сақтап, оның көлемін ұлғайтуымыз қажет», - деді комиссия мүшесі.

Оның айтуынша, жұмыс тобының отырыстары кезінде сарапшылар орман қорындағы жайылымдарды жергілікті халықтың мал жаю үшін тиімді пайдалануына көп кедергі бар екеніне көз жеткізген.

«Мысалы, Қазақстандағы орман қорларының және ерекше қорғалатын аумақтардың алқаптары 41 млн гектарға жуық. Соның ішінде 10 млн гектардай арнайы жайылымға берілген жерлер. Бұл – үлкен мүмкіндік. Бірақ, өкінішке қарай, жайылымдарды жергілікті халыққа жалға беру мәселелерінде бюрократия өте көп. Мемлекеттік органдар және жергілікті әкімшілік тарапынан бұл мсәлелер тиісті деңгейде бақыланбайды. Біздің ұсынысымыз – халықтың жайылымдық жерлердегі қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін Қазақстан Республикасының Үкіметіне орман алқаптарынан жайылымдар мен шабындықтарды жалға беру бөлігіндегі заңнаманы жетілдіру. Жұмыс тобындағы көпшілік осы мәселені қолдады», –деді Ақылбек Күрішбаев.

Еске салсақ, осы аптада Мәжіліс жерді шетелдіктерге беруге біржола тыйым салуды көздейтін заң жобасын мақұлдады.

Президенттің көмекшісі Ерлан Қарин осы заң жобасының мақұлдануы туралы пікір білдіргенін жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар