Халыққа ипотека төлеп, үй алуға мүмкіндік беру керек – Ұлттық кеңес мүшесі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Халыққа жұмыс істеп, ипотека төлеп, үй алуға мүмкіндік беру керек. Бұл туралы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Уайс Ерсайынұлы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Әлеуметтік тұрмысы төмен халықты алаңдататын мәселе – баспана. Қазақстанда баспана кезегінде 500 мыңнан астам адам тұр. Бұрын үй кезегіне халық жергілікті әкімдіктер арқылы тұратын. 2019 жылдан бастап Халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы кезекке тұра бастады. Енді үй кезегінде 10 жылдан тұрған азаматтар өздерін республикалық базадан таба алмауда. Олардың ішінде мүмкіндігі шектеулі азаматтар да бар. Осының кесірінен көптеген отбасы «Бақытты отбасы» бағдарламасымен ипотека ала алмады», - деді ол Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің 6-отырысында.

Оның атап өтуінше, үй кезегінде тұрған азаматтарға «Отбасы» банкі 2 пайызбен «Бақыты отбасы» және 5 пайызбен «Шаңырақ» бағдарламасы арқылы ипотека береді.

«Бұл тиімді бағдарлама. Басты шарты - үй кезегінде тұруың міндет. Алайда, «Отбасы» банкі республикалық базада кезекте тұрғандарға ғана ипотека береді. Осылайша, жергілікті әкімдіктер арқылы кезекте тұрғандар арзан ипотекамен үй алу мүмкіндігінен айырылды. Ол азаматтардың қолында 10, 15 жыл кезекте тұрды деген анықтама бар. Мөр басылған, басшылық қолы қойылған. Бірақ, Индустрия министрлігі барлық азаматты кезекке енгізіп үлгерместен «Бақытты отбасы» бағдарламасын жариялап жіберген. Индустрия министрлігі үй кезегінде тұрғандарды реттеп, жүйелеуі тиіс. Себебі 2019 жылы үй алғандардың өзін базадан биыл ғана шығарылған. Яғни, 2 жыл бойы интеграция жасалмаған», - деді кеңес мүшесі.

Уайс Ерсайынұлының атап өтуінше, үй кезегіне халық арендалық баспана алу үшін ғана емес, пайызы арзан ипотека алу үшін де тұрады.

«Халыққа өздері жұмыс істеп, ипотека төлеп, үй алуға мүмкіндік беру керек. Сондай-ақ үй кезегіне жалғызбасты болып тұратын адамдарға шартты қайта қарау қажет. Үй кезегінде жалғызбасты болып тұрған ана тұрмысқа шықса, кезектен шығарылады. Үй кезегінен айырылмау үшін олар екінші рет тұрмысқа шықса да некесін заңдастырмайды. Осылайша, жалған неке қаптауда», - деп толықтырды ол.


Соңғы жаңалықтар