Халықаралық терминдерді біріздендіруге нақты ұстаным керек

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Халықаралық термин сөздердің айтылымы, жазылымына қатысты нақты ұстаным мен бағыт қажет. Бүгін Нұр-Сұлтан қаласында өткен «Қазіргі терминология: ұлттық немесе жаһандық» тақырыбындағы әдістемелік онлайн-семинар барысында осы мәселе көтерілді.Айта кетейік, іс-шараны ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетінің тапсырмасымен Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы ұйымдастырған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Әдістемелік онлайн-семинардың өзектілігі қазақ терминологиясын ғылым тілі ретінде қалыптастыру, терминдерді жүйелеу және біріздендіру, бірнеше баламасы қатар қолданылып жүрген шеттілдік терминдерді игеру мәселесін шешуге негізделген.

Жиын барысында медицина саласы бойынша қазақ тіліндегі терминдер сапасы туралы сөз болып, студенттерге арналған мемлекеттік тілдегі оқу-әдістемелік құралдарға шолу жасалды. Мамандар кейбір сөздіктердегі жекелеген терминдердің баламалары ұғымды дәл аша алмайтындығын айтып, медициналық терминдерді қайта қарайтын мезгіл жеткендігіне назар аудартты.

Ал жазушы-аудармашы, филология ғылымдарының кандидаты К.Әлпейісова «Телевизия – тіл дамыту құралдарының бірі» тақырыбында баяндама жасап, теледидардан берілетін көркемдік құны төмен, тілі сақау, тәрбиелік мәні жоқ ақпараттың зияны туралы пікір білдірді. «Хабар жасаушылар көрермендердің білімді, көрген-түйгені көп бөлігінің деңгейіне бағдарланса, эфирден айтылар сөзде олқылықтар да аз болар еді. Теледидардан берілетін ақпараттарда сауатсыз сөйлеу, түрлі жиындардың тақырыбын, халықаралық ұйымдардың, қабылданған заңдардың атауын дұрыс айтпау сияқты жайттар жиі кездеседі. Кейбір тіркестер де ретсіз, не өзгертіліп қолданып жүр. Жүргізушілердің «шаруаға шыр бітпейді», «таразы талқысына салайық» (ой талқысына емес) деп қолдануы фразеологизмдердің түпті мағынасын түсінбеуден», - дейді ол.

Халықаралық терминдерді қолдану мәселесі де талқыланды. Бұл ретте мамандар күні бүгінге дейін халықаралық термин сөздердің айтылымы, жазылымына қатысты нақты ұстаным мен бағыт болмай келгендігін айтып, терминжасам процесінде төл сөздерге басымдық берілу керектігіне тоқталады, халықаралық сөздер төл термин тұрақтағанша қатар жүретінін ескертеді.

Соңғы жаңалықтар