Халық ұзын-сонар кезекте тұр: Ұлыбританиядағы вакциналау науқаны отандасымызды таңқалдырды

None
None
ГЛАЗГО. ҚазАқпарат - Шотландияның Глазго университетінде PhD докторантурада оқып жатқан отандасымыз Мәлика Әлимусина Ұлыбританиядағы вакцинация науқанына байланысты жеке тәжірибесімен және пайым-пікірімен бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мәлика Әлимусина 2008 жылдан бастап Нұр-Сұлтан қаласында педиатр-эндокринолог дәрігер болып жұмыс істеген. Бүгінде «Жыныстық гормондар мен генге байланысты эндокринді ауруларды зерттеу» тақырыбы бойынша диссертациялық жұмыс жазу үстінде. Бұл ғылыми зерттеу Глазго қаласындағы балалар ауруханасының базасында жүргізіліп жатыр.

«Пандемияның басында, аурудың өзі және оны тудыратын вирус туралы аз мәлімет жарияланған кезде тиімді вакцинаны тез арада жасау маған мүмкін емес болып көрінді. Бірақ бұған дейін басқа вирустарға қарсы екпелерді жасаудағы тәжірибе ғалымдарға жақсы сабақ болды, деп ойлаймын», дейді дәрігер.

Айта кету керек, пандемия басталғаннан кейін бір жыл өткен соң, вакцина Ұлыбританиядағы медицина қызметкерлеріне қолжетімді бола бастады. Мәлика Әлимусина бастапқыда екпе алуға жүрексінген, өйткені препараттарды пайдаланудағы қауіпсіздік туралы мәліметтер аз болыпты.

«Бірақ пайдасы мен зиянын таразыға салып, артықшылықтары мен кемшіліктерін зерделей келе, вакциналарға байланысты бұған дейінгі тәжірибелерді есепке ала отырып, екпе салдыруға шешім қабылдадым», дейді ол.

Мәликаның ол кезде емшектегі баласы болғандықтан антиденелер нәрестеге де беріліп, ана сүті арқылы жанама түрде вирустан қорғайды, деп үміттеніпті.

«Ол уақытта Ұлыбританияда күніне 1500-1700 адам қайтыс болып жатты. Халық арасында үрей туды. Қорғаныс құралдары жетіспеді. Дүкендерде маскалар мен дезинфекциялық заттар болмады. Мен егер дертке шалдықсам отбасымның мүшелеріне де жұқтыруым мүмкін екендігін жақсы түсіндім, сондықтан құр сөзге негізделген сарапшылардың пікірлері мен әлеуметтік желілердегі бос әңгімелерге құлақ аспадым. Мен ғылыми басылымдардың мәліметтеріне сүйендім» -, дейді маман.

Уақыт өте келе вакцинация аурудың ауыр ағымынан, коронавирустан болатын өлімнен корғап, екпе алған адамның жансақтау бөліміне түсу ықтималдығын азайтатынына Мәликаның көзі жетеді.

«Мен үшін вакцинацияның ең маңызды аспектісі екпе алған адам індеттің ілмегіне ілінсе де, айналасындағыларға жұқтырмауы мүмкін. Неліктен бұл маңызды? Себебі пандемия кезінде менің 75 жастан асқан көптеген туыстарым мен көршілерім қайтыс болды. Қайғыменен қапаланған күндер әлі есімізде. Сондықтан менің отбасымның мүшелері түгел, оның ішінде 12 жасар ұлым да бар, ауырмаудың жолын іздеп, науқастанған жағдайда өзгелерге жұқтырмау үшін екпе алдық. Вакцина бізді вирусқа қарсы тұруға 100% кепілдік бермейді, бірақ бізге қалқан бола алады», - дейді Мәлика Әлимусина.

Ұлыбританияда Қазақстанға қарағанда вакцинаны таңдау құқығы жоқ. Екпелер жас ерекшелігіне қарай салынды. Бірінші компонентті алдымен егде жастағы кісілер алды. Қазір қолданыста 3 вакцина бар: британиялық (Оксфорд/AstraZeneca) және екі америкалық (Moderna және Pfizer/BioNTech). Мәликаны бүкіл Британ халқының ұзын-сонар кезекке тұрып, үкімет ұсынған перпараттың түр-түсіне қарамастан вакцина қабылдауы таң қалдырыпты.

«Мен әрдайым туған-туыстарыммен байланыстамын. Қазақстанда не болып жатқанын әлеуметтік желілер мен электронды бұқаралық ақпарат құралдары арқылы бақылап отырамын. Сондықтан баршаны жақындарына қамқор болып, аға буын өкілдері туралы ойлауға шақырамын. Вирустық инфекцияның жаппай таралуын тежеу үшін бүкіл қоғам болып, вакцина алу керек. Әлеуметтік желілердегі өсек-аяңға емес тек ғылымға сену қажет. Вакцинация Ұлыбританияда өте жақсы нәтиже көрсетті. Бүгінде жергілікті халықтың 80%-тен астамы екпе алып, өлім-жітім саны азайды. Баршаңызға басты байлық - зор денсаулық тілеймін», дейді дәрігер.


Соңғы жаңалықтар