Халқыма пайдамды тигізгім келеді – мемқызметші

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Елге абыройлы қызмет етіп, халқыма пайдамды тигізгім келеді. Бұл Ақмола облысының білім басқармасы техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру бөлімінің бас маманы Ризабек Сайлаубековтің өмірлік ұстанымы.

– Ризабек Қуанышбекұлы, неліктен мемлекеттік қызметті таңдадыңыз?

– Менің басты өмірлік мақсаттарымның бірі – елге абыройлы қызмет етіп, халқыма пайдамды тигізу болатын. Сол себепті, Ресейде оқуымды тәмәмдаған соң, ресейлік жұмыс берушілердің ұсыныстарына қарамастан, бар күш-қуатым мен білімімді Отанымның игілігіне жұмсау үшін елге оралдым. Осылайша, мемлекеттік қызметшілер қатарына қосылдым.

– Мемлекеттік қызметті неден бастадыңыз?

– Мемлекеттік қызметке деген жолымды жастар тәжірибесінен бастадым. Мен бұл тәжірибені Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаментінде өттім. Ол жерде мен мемлекеттік қызметтің негіздерін үйрендім деп айтуға болады. Яғни, мемлекеттік қызметшілердің этикалық кодексі, мемлекеттік қызметші қандай болуы керек, мемлекеттік қызметтерді сапалы және уақытылы көрсету, тұтынушыға назар аудару сияқты саланың қыр-сырына қанықтым.

– Мемлекеттік қызмет Сізге несімен ұнайды?

– Мемлекеттік қызмет – халыққа қызмет ету, сондықтан мен – халықтың қызметшісімін. Бір апта бұрын маған талапкердің анасы қоңырау шалып, колледжге қабылдау барысын түсіндіруді сұрады. Азаматтың кәдімгі кеңесі, әңгімесі 5 минуттан аспайтын сияқты көрінгенімен, қарапайым, бірақ өте шынайы «Рахмет» деген жауап алған соң, мен сол «пайдалы» сезімді тағы да сезіндім. Сол себепті маған мемлекеттік қызмет ұнайды, мен азаматтарға жан-жақты көмек көрсете аламын.

– Бүгінгі күні қандай қызмет атқарасыз?

– Жастар тәжірибесін аяқтаған соң мемлекеттік тілді, Қазақстан Республикасының заңнамасын білуге арналған тестілеуден сәтті өттім. 2018 жылдан бастап Ақмола облысының білім басқармасында, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру бөлімінде қызмет етіп келемін. Жұмыс атқарғаныма бір жыл толмай, Италияның Турин қаласында әлемнің 26 елінің өкілдері қатысқан халықаралық жиында өз елімді таныстыру құрметіне ие болдым.

Мен әрқашан өз тарапымнан жұмысқа жауапкершілікпен қарауға, бастамашылдық пен максималдылықты көрсетуге тырысамын, өз кезегінде басшылық мені сертификаттармен, алғыс хаттармен және құрмет грамотасымен ынталандырып келеді.

– Қызметіңіз несімен қызықты және қиындықтарға тап болған кездеріңіз болды ма?

– Еліміздің табысты дамуының негізгі факторы – білім сапасы. Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру жүйесінің беделі мен тиімділігін арттыруға, білім беру мен еңбек нарығының өзара әрекеттесуін нығайтуға, дуальді оқытудың тиімділігін арттыруға өз үлесімді қосатын мүмкіндігім болғанына өте қуаныштымын. Әрине, қиындықтар бар, бірақ оны сәтті жеңу үшін мен әрқашан мемлекеттік қызметші ретінде жаңа білім, дағдыларды алуға, құзыреттіліктерді, жеке қасиеттерді дамытуға тырысамын.

2019 жылы «Құқықтану» мамандығы бойынша жоғары білім туралы екінші дипломға ие болдым. 2021 жылы «Өңірлік даму» бағдарламасы бойынша Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясын бітірдім.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жастар – алдағы реформалардың локомотиві» деп үнемі баса айтып, мемлекеттік басқару жүйесіне жас мамандарды ұсынуды көздейді. Бұл мені қатты шабыттандырады. Мен өз аймағымның және тұтастай Республиканың дамуына үлес қосу мүмкіндігім көп болуы үшін, мемлекеттік қызметте үздіксіз дамып, мансап сатысымен жоғары көтерілуге ниеттімін.

– Әңгімеңізге рахмет!


Соңғы жаңалықтар