Хал үстінде жатқан науқасты құтқарудан артық абырой жоқ – хирург Ербол Есеев

Фото: None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Ақ Жайық өңірінде өз еңбегімен жарқырай көрініп, емделушілердің алғысына бөленіп жүрген ақ желеңді жандар аз емес. Солардың бірі, облыстық көпбейінді аурухананың №9 жүрек-қан тамырлары хирургиясы бөлімінің меңгерушісі, жоғары санатты дәрігер, «Болашақ» президент стипендиясының иегері, медицина ғылымдарының магистрі Ербол Есеев төл мерекесіне орай ҚазАқпарат тілшісіне сұхбат берді.

- Ербол Қуанышүлы, әкең Қуаныш (ел ішінде Қуан атанып кеткен) Есеевтің Бөкей ордасы ауданында қырық жылдан астам уақыт бойы медицина саласында мінсіз еңбек етіп, жұртшылыққа танымал, мақтаулы дәрігер болғаны белгілі. Дәрігерлік мамандықты таңдауыңа осы фактор әсер етті ме?

- Иә, әкемнің жұмыс істеп жүрген кезінде соған қызығып, ынта-ықыласым оянғаны рас. Тіпті сегізінші сыныпта шығарма жазған кезде дәрігер боламын деппін. Ақыры сол арман-мақсатымнан айнығаным жоқ.

- Жалпы, Есеевтерді дәрігерлер әулеті деуге болады ғой?

- Ол да шындықтан алыс емес. Өйткені әкемнің апасы Сара Есеева өмір бойы дәрігер болды. Әкемнің қарындастары Айгүл мен Нұрлы апаларым да осы жолды таңдады. Айгүл фтизиатр болса, Нұрлы акушер-гинеколог ретінде өз қызметін абыройлы атқарып, зейнетке шықты. Қазір осы жолды өзім жалғастырып келемін.

- Ендеше, өсу мен есею жолына тоқталсаң?

- 2009 жылы Ақтөбе қаласындағы Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетін тәмамдағаннан кейін Оралға оралып, бастапқыда №3 қалалық емханада еңбек еттім.

Сол кезде-ақ облыстық ауруханаға кезекшілікке барып жүрдім. Жыл жарымнан кейін облыстық ауруханаға ауыстым. Міне, он жылдан астам уақыт бойы сонда қызмет етіп келемін.

Қай маманның да өз білім-білігін үзбей жетілдіріп отырғаны аса маңызды. Өзім «Болашақ» бағдарламасы бойынша Оңтүстік Корея елінде білім алдым. Содан кейін магистратурада оқып шықтым.

- Бүгінде ота жасаудың күрделі де озық тәсілдерін меңгерген хирургсың. Бұл жөнінде не айтар едің?

- Осы кезге дейін біраз күрделі оталар жасап, инновацияға бет бұрып, жаңа түрлерін енгізудеміз. Мысалы, облыстық ауруханада лазермен ота жасауды жолға қойдық. Атап айтқанда, аяқтың қан тамырлары кеңейген кезде лазермен ота жасалып, қалпына келтіріледі.

Сондай-ақ облыстық ауруханаға ангиограф аппаратын алып, қан тамырларын ішінен ашатын тәсілдерді қолданудамыз. Бұрын жалпы жансыздандыру (наркоз) арқылы ота жасалатын еді. Қазір жергілікті жансыздандыру арқылы күрделі оталар жасауды да қолға алдық.

- Кейбір ерекше есте қалған оқиғалар бар ма?

- Хирург болғаннан кейін ондай оқиғалар кездесіп тұрады ғой. Бірде ауруханаға 50 жастағы ер адам түсті. Ажарлау машинасымен (болгарка) жұмыс істеп жатқан кезде білегін тамырларымен қоса кесіп кеткен екен. Сүйегі ілініп тұр. Жарақат алғанына жарты сағаттай уақыт өткен. Шұғыл ота жасап, қолын аман алып қалдық.

Сегіз күннен кейін науқас үйіне шықты. Тағы бірде өкпе, бауыр, ішіне қоса жүрегінен пышақ жарақатын алған жап-жас жігітті құтқарып қалдық. Кеудесін ашқан кезде жүрегі тоқтап қалған екен. Соған тікелей массаж жасап, сосын пышақ тиген жерлерін тігуге тура келді.

Сол секілді атыс кезінде асқазан, бауыр, көк ет қана емес, жүрегінің сыртқы қабығына оқ қадалып қалған жігітке де таңға дейін ота жасап, бетін бері қайтардық. Тағы бірде пышақ жарақатынан өңеш, кеңірдек, мойын қан тамырлары кесілген әйел де уақтылы көмек көрсету нәтижесінде аман қалды.

Ең бастысы, Гиппократ антына адал болып, алдыңа келген, хал үстінде жатқан науқасты құтқарудан артық абырой жоқ дер едім.

- Ербол, әңгімеңе рахмет! Алдағы уақытта да еңбегіңнің жемісті бола беруіне тілектеспін.


Соңғы жаңалықтар