Хабиб Нурмагомедовтің бапкері атыраулық жастармен кездесті

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Еркін күрестен КСРО спорт шебері, Ресей Федерациясының еңбек сіңірген жаттықтырушысы, жеңіл салмақта UFС чемпионы Хабиб Нурмагомедовтің бапкері Абдулманап Нурмагомедов Атырау облысының жасөспірімдерімен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Еркін форматтағы кездесу Жастар жылына орай «Жастар спорт fest» жобасы аясында ұйымдастырылды. Кездесуде атыраулық жас спортшылар Абдулманап Нурмагомедовке сұрақтар қойып, бапкердің тәжірибесіне негізделген ақпараттармен танысты. Сондай-ақ, кездесуге қатысушылар Хабиб Нурмагомедовтің жетістік жолы туралы білді.

«Атырау қаласына алғаш келуім емес. Осымен екінші рет келіп отырмын. Қазақстанның атынан шығып жүрген әлемдік деңгейдегі спортшылар жетерлік. Сондықтан жас буынға айтарым, салауатты өмір салтын ұстаныңыздар», - деді Абдулманап Нурмагомедов.

Сонымен қатар, кездесуде Атырау облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ринат Ибрагимов алда өткізілетін «Жастар спорт fest» шарасының маңыздылығына тоқталды.

«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы да бұқаралық спортты кең көлемде дамыту керегін жиі айтады. Өйткені, аталған спортта біздің чемпиондардың көп болуы – еліміздің жетістігі. Ал, қазіргі таңда спортшылар арасында жастар белсенділік танытып келе жатыр. Өздеріңіз білетіндей, Елбасымыз ағымдағы жылды Жастар жылы деп жариялаған болатын. Осы орайда 4 күнге созылатын шара өткізбекшіміз. Оған арнайы қонақ ретінде келген Абдулманап Нурмагомедовке сіздердің және өзімнің атымнан алғысымды білдіремін», - деді Ринат Ибрагимов.

Айта кетейік, 27 қыркүйек күні «Жайық» спорт кешенінде «Gorilla Fighting Champioship 17» халықаралық турнирі өтеді. Турнирге арнайы қонақ ретінде Хабиб Нурмагомедов, Ислам Махачев, Зубайра Тухугов және Дамир Исмагулов сынды атақты спортшылар келеді.

Соңғы жаңалықтар