Гузаль Галиакбарова: «Шетелдегі отандас» ұғымы - халықаралық қатынастардың маңызды элементі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Отандастар қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамының сарапшысы, PhD докторы Гузаль Галиакбарова «ҚазАқпарат» агенттігіне берген сұхбатында шетелдегі отандастарды қолдаудың халықаралық тәжірибесіне қатысты ойымен бөлісті.

- Гузаль Газинурқызы, бұл тақырыпта біраздан бері зерттеу жүргізіп келе жатырсыз. Сондықтан шетелдегі отандастарды қолдауға байланысты әлемдік тәжірибеге қандай баға берер едіңіз?

- Шет елдердегі этнобірдей қоғамдастықтарды, оның ішінде репатриацияны мемлекет тарапынан қолдау - Қазақстан үшін де айтарлықтай өзекті тақырып. Бұл мәселемен Германия, Израиль, Оңтүстік Корея, Польша, Ресей секілді халықаралық аренада айтарлықтай орныққан беделді мемлекеттер де айналысып отыр.

Басқа мемлекеттердің отандастармен өзара іс-қимыл мәселелерін шешу саласындағы тәжірибесін зерделеудің қолданбалы маңызы өте зор, сондықтан да «Отандастар қорының» осы бағыттағы қызметі ерекше мазмұнды дер едім.

Қазіргі әлемде болып жатқан геосаяси өзгерістер көші-қонның жаңа толқынын ғана алып келген жоқ, сонымен қатар шетелдегі отандастармен байланысты құқықтық реттеуді өзекті проблемаға айналдырып отыр. Бұған себеп - әлемнің ең дамыған елдері өзінің мультимәдени қоғамын құруға тырысып жатыр. Дегенмен қоғамның сұранысына сәйкес өз отандастарының тарихи отаны айналасында шоғырлану, тарихи әділеттілікті қалпына келтіру мәселелеріне көп көңіл бөлуге мәжбүр. Сондықтан Израиль, Германия, Польша, Оңтүстік Корея сияқты мемлекеттер ұлттық заңнамасында көші-қон процестері де, шетелдегі өз отандастарына мемлекеттік қолдау да қамтылған.

«Қазақстан-2050» Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан 2050» Жаңа стратегиялық бағытын жүзеге асыруда бізге – қазақ халқына айрықша жауапкершілік жүктеледі...» деп атап өткен болатын.

Осылайша, біздің еліміздің де шетелдегі отандастарымызды, бірінші кезекте қазақ ұлты өкілдерін, өзінің тарихи Отаны – Қазақстан Республикасының айналасында біріктіруге деген бейімділігі бекітіледі.

Біздің республикамызбен ортақ тарихы бар елдерге баса назар аударғымыз келіп отыр.

Мәселен, бұрынғы кеңестік республикалардың көпшілігінде шетелдегі отандастарға қатысты мемлекеттік саясатты тұжырымдау тәсілдерін айқындайтын базалық нормативтік құқықтық актілер қабылданды («Шетелде тұратын отандастар және диаспоралық ұйымдар туралы» Грузия Заңы, Қырғыз Республикасының «Шетелдегі отандастарды қолдау жөніндегі мемлекеттік саясаттың негіздері туралы» және «Қырғыз Республикасына қоныс аударатын этникалық қырғыздарға мемлекеттік кепілдіктер туралы» Заңдары, Ресей Федерациясының «Шетелдегі отандастарға қатысты мемлекеттік саясат туралы» Заңы, Латвия Республикасының «Диаспора туралы» Заңы, Украинаның «Шетелдік украиндар туралы» Заңы, және т.б.). Қазақстан тәуелсіздік алғалы шетелдегі отандастарға мемлекеттік қолдау көрсетуді реттейтін жеке заң қабылдаған жоқ.

- Осы тақырыпта Германияның немесе Оңтүстік Корея тәжірибелері жайында көп айтылған болатын. Бірақ, посткеңестің кейбір елдерінде бізге назарға алатындай қадамдар бар ма?

- Мәселен, Беларусь Республикасының тәжірибесі қызық. Беларусь Республикасының шетелдегі белорустармен ынтымақтастық саласындағы негізгі стратегиялық бағдарламалық құжаттары - 2014 жылғы «Шетел белорустары туралы» Заңы және 2016-2020 жылдарға арналған «Беларусь мәдениеті» мемлекеттік бағдарламасының «Әлемдегі белорустар» кіші бағдарламасы болып саналады.

Айта кету керек, бастапқыда шетелде Беларусь қоғамдық қозғалысын ұйымдастыруға 1993 жылы алты жылға қабылданған «Әлемдегі белорустар» мемлекеттік бағдарламасы қолдау көрсеткен.

Қазақстандық заңнамада «шетелдегі отандас» ұғымын анықтау мәселесі бар. Осы жағдайда «шетел белорусы» ұғымының анықтамасына жүгінуге болады, яғни ол Беларусь Республикасынан тыс жерлерде тұрақты тұратын және өзін беларус ретінде сәйкестендіретін немесе қазіргі Беларусь Республикасының аумағынан шыққан тұлға.

Өз-өзін белорус ретінде сәйкестендіру фактісі шетел белорусы деп атануға құқық беретіні біз үшін де өте қызықты жағдай. Бұл ереже өте маңызды болып отыр, өйткені бірде-бір мемлекет адамның қандай да бір ұлтқа жататынын дәлелдеудің нақты белгіленген жүйесін әзірше ойлап таппады. Бізде де өзін этникалық қазақ деп есептейтін және Қазақстанға қоныс аударғысы келетін, бірақ қазақ екенін дәлелдейтін құжаты жоқ адамдар бар. Сондықтан Беларусь заңнамасының аталған нормасын біздің жағдайға да қарастыруға болады.

Беларусь заңы сондай-ақ шетелдік белорустармен қарым-қатынас саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі қағидаттарын, мақсаттары мен бағыттарын айқындайды, ынтымақтастық саласындағы реттеу мен басқаруға жауапты мемлекеттік құрылымдар мен органдарды белгілейді, олардың өкілеттіктерінің ауқымын айқындайды. Олардың қатарында аталған мемлекеттің Сыртқы істер министрлігі, Мәдениет және баспасөз министрлігінің Ұлттық мәдениеттердің республикалық орталығы да бар. Аталған ұйым 1994 жылы шетелдегі ұлттық-мәдени бірлестіктер мен отандастардың қызметін үйлестіру, сондай-ақ оларға ұйымдастырушылық-әдістемелік көмек көрсету үшін құрылған болатын және осы күнге дейін белсенді жұмыс атқаруда.

Ынтымақтастықтың жаңа элементі ретінде диаспораның Беларусь Республикасы Ұлттық Жиналысы Өкілдері палатасы жанынан 2017 жылы құрылған шетелдік белорустар істері жөніндегі парламенттік топпен өзара іс-қимылы болды. Осы жұмыс тобының қызметі шетелде тұратын отандастармен экономикалық және мәдени байланыстарды кеңейтуге бағытталған.

Сондай-ақ, Беларусь Республикасының ғылым және технологиялар жөніндегі мемлекеттік комитеті отандас-ғалымдарға арналған ұлттық ғылыми-техникалық портал құрды.

Жоғарыда көрсетілген Беларусь туралы ақпарат жалпы құрамы 2,5 млн адамды құрайтын шетелдегі белорустарға қолдау көрсету мақсатында кешенді және жан-жақты тәсілдерді қолданатынын анық айтуға болады. Мысалы, шетелдегі қазақтар саны туралы әртүрлі ақпарат айтылуда. Осыған дейін шетелде 5 миллионнан астам этникалық қазақ тұратыны мәлім болған еді.

- Бауырлас Әзербайжан мемлекетінің заңнамасында да тиісті жаңашылдықтар енгізілді емес пе?

- Шынымен де, Әзербайжан Республикасының тәжірибесі де ерекше. Әлемнің барлық құрлықтарында әзербайжан диаспорасы ұйымдары жұмыс істейді. Бастапқы кезде ұлттық диаспора тарихи отанынан бөлек әрекет етсе, XX ғасырдың аяғы - XXI ғасырдың басында диаспораның отанымен тығыз байланысы байқалады.

Әзербайжан Конституциясына сәйкес, басқа мемлекеттің азаматтары немесе азаматтығы жоқ тұлғалар болып есептелетін шетелде тұратын әзербайжандар, Әзербайжан Республикасының аумағында осы елдің азаматтарымен тең құқықтар мен тең міндеттерге ие болады.

Сонымен, біздің жақын көршіміздің бірі біздің талқылап отырған тақырыпты реттеуде қандай жетістіктерге жетті?

Біріншіден, 2002 жылы «Шетелде тұратын әзербайжандықтармен байланысының мемлекеттік саясаты туралы» Әзербайжан Республикасының Заңы қабылданды. Онда Беларусь заңындағыдай, шетелдік әзербайжандардың анықтамасы беріледі. Мәселен, Әзербайжан Республикасынан тыс жерлерде тұратын және өзін әзербайжан деп есептейтін тұлғалар, яғни, Әзербайжан Республикасының азаматтары мен олардың балалары, сондай-ақ бұрын Әзербайжан КСР-нің немесе Әзербайжан Республикасының азаматтары болған тұлғалар мен олардың балалары шетелде тұратын әзербайжандар болып саналады. Сонымен қатар, бұл термин жоғарыда аталған санаттарға жатпайтын, бірақ өзін этникалық, тілдік, мәдени немесе тарихи байланыстар және өз балалары тұрғысынан Әзербайжан деп есептейтін тұлғаларға да қолданылады.

Осы заң Әзербайжанның отандастарын қолдауға бағытталған мемлекеттік саясатының мақсаты мен қағидаттарын, осы саясатты жүзеге асыруға байланысты мемлекеттік органдар қызметінің негіздерін белгілейді.

Екіншіден, сол 2002 жылы Шетелде тұратын әзербайжандармен жұмыс жөніндегі мемлекеттік комитет құрылып, ал 2008 жылы оның негізінде Диаспорамен жұмыс жөніндегі мемлекеттік комитет құрылды. Бұл, әрине, Әзербайжан Республикасының диаспоралық қызметті қалыптастыру ісіне беретін зор мәнінің дәлелі.

Комитет диаспораға қатысты мемлекеттік саясатты жүзеге асыруды, шетелде тұратын әзербайжандармен, олар құрған диаспора ұйымдарымен, сондай-ақ әзербайжандармен достас басқа да диаспоралармен байланыстарды кеңейтуді әрі дамытуды, осы саладағы мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың қызметін үйлестіруді қамтамасыз ететін атқарушы биліктің орталық органы болып отыр.

- Аталған елдердің тәжірибесін зерделей келе, қандай ұсыныстарды алға тартар едіңіз?

- Ұсынылған тәжірибені талдай отырып, Қазақстанда да халықаралық құқық талаптарына жауап беретін, сондай-ақ шетелде тұратын отандастарды қолдау мәселелерін неғұрлым нақты және кешенді айқындайтын арнайы құқықтық актіні қабылдау уақыты келді деп қорытындылауға болады.

Осылайша, қазіргі кезеңде «шетелдегі отандас» ұғымы халықаралық қатынастардың маңызды элементі болатынына біз көз жеткіздік. Әлемнің жаһандануының шынайылығы кешенді қолдауды ұйымдастыру және осы салада кең ауқымды жұмыстар жүргізу барысында алдымызға жаңа міндеттер қояды.

Аталған мәселені шешу мақсатында Қазақстан мен шетелде тұратын отандастарымыздың арасындағы байланысты дамыту әрі қолдау үшін жағдай жасаудағы дәйекті қадам ретінде «Шетелдегі отандастарды мемлекеттік қолдау туралы» ҚР Заңының жобасын қабылдау болар еді. Бұл ұсыныстар ел үшін өзекті бірқатар мәселелерді шешуге ықпал ететініне кәміл сенеміз.

- Сұхбат бергеніңіз үшін рақмет!



Фото: dalanews.kz

Соңғы жаңалықтар