Гүлшара Әбдіқалықова зиялы қауым өкілдері және ардагерлермен кездесті

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Бүгін облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Сыр өңірінің зиялы қауым өкілдері және ардагерлер кеңесінің мүшелерімен коронавирус шектеулеріне байланысты шағын құрамда кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жиынға облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев, қоғам қайраткері, медицина саласының ардагері Тұрғанбай Маханов, мемлекет және қоғам қайраткері Биғали Қаюпов шақырылды.

Алдымен аймақ басшысы ардагерлер қай кезде де ұрпақтар сабастығын берік орнатуда парасаттылық танытып, қоғамдық өмірдің жандануына ерекше үлес қосып келе жатқанын атап өтті.

Алдағы кезеңде атқарылатын жұмыстарды саралау және ортақ мәселелерді бірлесіп талқылау бағытында ой бөлісті.

«Еліміз өзінің жаңа тарихындағы ең күрделі сәттерді өткеруде. Қаңтардың алғашқы күндерінде тұтастығымыз бен елдігімізге нұқсан келтіруге бағытталған іс-қимылдар көрініс берді. Мемлекет басшысының жедел әрі батыл шешімдерінің арқасында халқымыз сын сағаттан аман өтті. Президент 11 қаңтарда Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында тәуелсіз мемлекетімізді одан әрі дамытудың жаңа міндеттерін белгілеп, елімізде тарихи өзгерістер кезеңі басталғанын мәлімдеді. Басты мақсат - күш-жігерімізді біріктіріп бар қиындықтарды еңсеру және қуатты Жаңа Қазақстанды құру. Сондықтан алдағы жоспарларды бірлесе жүзеге асырсақ деген ойымыз бар», - деді Гүлшара Әбдіқалықова.


Басқосуда Тұрғанбай Маханов соңғы кездері ақсақалдар мен жастар арасындағы сабақтастықтың ажырап кеткенін айтып, ұлттық құндылықтарды дәріптеуде Ақсақалдар кеңесі мен Жастар орталығының бірлескен жұмыстарын жандандыру қажеттігін қаперге салды.

Сондай-ақ, діни тұрғыда бағытынан адасып жүрген жастарға рухани тәлім-тәрбие беру ісіне де жете мән беру керектігін атап өтті.

Ал, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев жастардың ой-санасына әсер ететін түрлі ақпараттарға тосқауыл қойып, бірлікке үндейтін танымдық басқосуларды арттыру қажет деген ұсынысын ортаға салды.

Кездесуде ардагер Биғали Қаюпов технологиялық өзгерістер қоғамында өмір сүретін жастармен ашық дискуссия орнату қажеттігін және нақты әрекеттерге негізделген «Жаңа Қазақстан» бастамасына қолдау білдіруде барлық буынның дайын болуы тиіс екенін еске салды.

Мемлекет басшысы айқындаған міндеттерді орындауда білімді, парасаты биік азаматтарды тарту қажеттілігіне тоқталды.

Жиын соңында облыс әкімі ортақ мәселелерді бірлесіп шешуде әрбір ұсыныс ескерілетінін және зиялы қауым өкілдерін Президент ұстанымына қолдау білдіруге шақырды.


Соңғы жаңалықтар