Гүлшара Әбдіқалықова «Мерейлі отбасы» конкурсы жөніндегі комиссияның отырысын өткізді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 21 маусымда Астанада ҚР Мемлекеттік хатшысы Г.Әбдіқалықованың төрағалығымен «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының лауреаты атағын беру жөніндегі комиссияның отырысы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Отырысты ашқан Мемлекеттік хатшы Елбасы  Н.Назарбаевтың: «Отбасында адам бойындағы қасиеттер жарқырай көрініп, қалыптасады. Отанға деген ыстық сезім жақындарыңа, туған-туысқандарыңа деген сүйіспеншіліктен басталады» деген сөздеріне тоқталды.

Гүлшара Әбдіқалықова жыл сайын конкурсқа қатысушылардың саны артып келе жатқанын атап өтті. Биыл оған 2952 отбасы қатысқан, бұл 2014 жылмен салыстырғанда 2,3 есе көп.

Өзінің бесжылдық тарихында байқауға 11 993 отбасы қатысты, соның 60% (7 172 отбасы) ауылдан, оның ішінде 37%-ы (4489) көпбалалы отбасылар, 18% (2129) жас отбасылар, 18%-ы (2117) бір мамандық еңбеккерлері әулеттерінің өкілдері.

Конкурс үш кезең - аудандық, өңірлік және ұлттық кезең бойынша өтеді.

Байқау жеңімпаздарын анықтау барысында отбасы мүшелерінің жетістіктері мен олардың маңыздылығы, үлкендерге деген құрмет пен сүйіспеншілікке негізделген рухани-адамгершілік құндылықтарын сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа жалғастыру басты ұстаным болып табылады.

Биылғы мамыр айында барлық облыстарда және республикалық маңызы бар қалаларда аймақтық кезең жеңімпаздарын марапаттауға арналған іс-шаралар мен салтанатты рәсімдер өткізілді, сондай-ақ әр өңірден ақырғы кезеңге қатысатын 2 отбасы белгілі болды.

Комиссия мүшелері конкурстың ұлттық кезеңіне қатысатын 16 үміткерді анықтады.

Қазақстандықтар «Мерейлі отбасы» конкурсының ақырғы кезеңінде жеңімпазды анықтауға kaztube.kz сайты және SМS-хабарламалармен дауыс беру арқылы қатыса алады.

Дауыс беру қорытындысы қыркүйектің екінші жексенбісінде мерекеленетін Отбасы күні қарсаңында шығарылады. 

Соңғы жаңалықтар