Гүлшара Әбдіқалықова ауылдарды аралап, тұрғындардың ұсыныс-пікірін тыңдады

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған әлеуметтік мәселелер кезең-кезеңімен шешіледі. Тұрғындар үшін өзекті болып табылатын газбен қамту, су және электр желісін тарту, жол сапасын жақсарту мәселелеріне ұдайы мән беріледі. Бүгін облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Қызылорда қаласының шеткері аймақтарына барып, тұрғындардың талап-тілектерін тыңдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыс әкімінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, аймақ басшысы алдымен, Ақжарма ауылдық округіне қарасты Талдыарал ауылына барды. Мұнда тұрғындар ескі жатақхананы игілікке асыру және мектеп жанынан шағын балабақша ашу мәселесін көтерді. 1965 жылы салынған 2 жатақхананың біреуінің қазірде тозығы жеткен. Оның орнына жеке кәсіпкер ғимаратты спорттық нысанға қайта бағыттауға ұсыныс білдірді. Облыс әкімі балалардың бұқаралық спортпен айналысуына жағдай жасау үшін бос тұрған ғимаратты тиімді пайдалану қажеттігін айтып, ауыл әкіміне тиісті жұмыстарды атқаруды тапсырды. Ал мектеп жанынан балабақша ашу ұсынысы ескерілетінін және тиісті деңгейде қаралатынын жеткізді.

Мұнан кейін Гүлшара Әбдіқалықова Баймұрат батыр ауылының тұрғындарымен кездесіп, мәселелерін тыңдады. Ауыл ақсақалдары дәрігерлік амбулаторияны салу мәселесін көтеріп, көшені жарықтандыру керек екенін алға тартты. Қажеттілікті ескере келе, аумағы 3000 шаршы метрді құрайтын амбулаторияны салу үшін өткен жылы 3,4 млн.теңгеге жоба-сметалық құжаттары дайындалып, мемлекеттік сараптамадан өткізілді. Қазіргі таңда құрылысты бастауға дайындық жұмыстары жүргізілуде. Ал, электр желісін тарту үшін тиісті құжаттар әзірленген.

Әрі қарай облыс әкімі Ақсуат ауылдық округіндегі Ж.Махамбетов ауылына аялдады. 10 мыңға жуық тұрғыны бар ауылда газ желісін жүргізу өзекті. Тұрғындар бірнеше жылдан көгілдір отынға қосу мәселесін көтеріп келеді. Ауыл ақсақалдарымен тілдескен өңір басшысы тұрғындардың талап-тілегіне орай ауылды көгілдір отынға қосу жұмыстары екі жылда аяқталып, биыл ұзындығы 9 шақырымды құрайтын 5 көшеге газ құбыры орнатылатынын жеткізді. Бұл ретте мердігер компания басшысына жұмысты сапалы әрі уақытында орындауды тапсырды.

Еске салайық, өңір басшысы осы уақытқа дейін 100-ден аса ауылға барып, тұрғындармен кездесті, ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Әлеуметтік мәселелерді шешу нәтижесінде өңірде газбен қамту 67%, сапалы жолдардың үлесі 75%, ауыз су жүргізу 98% жеткен.



Соңғы жаңалықтар