Гранатамен көшеде жүргендерді ұстаған курсанттар марапатталды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – ҚР Қорғаныс министрінің бұйрығымен Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының екі курсанты төтенше жағдай кезінде көрсеткен кәсібилігі үшін II дәрежелі «Ел қорғаны» ведомстволық медалімен марапатталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Төтенше жағдай кезінде біз полиция қызметкерлерімен бірге қала көшелерін патрульдеуге қатыстық және граната ұстаған белгісіз бір адамды қолға түсірдік. Мұны ерлік деп санамаймыз. Өйткені бұл – Қазақстанның әрбір азаматының міндеті. Біз әрқашан өз елімізді қорғауға дайынбыз «, - деді курсанттардың бірі Ерсұлтан Болат.

Еске салайық, осы жылдың сәуір айында Радиоэлектроника және байланыс əскери-инженерлік институтының курсанттары Ерсұлтан Болат пен Азат Смайыл Төле би-Саин көшесінен қолында граната бар ер адамды ұстады.

Курсанттардың айтуынша, оларға белгісіз азамат таянып, екі адамды көргенін, олардың бірінің қолында гранатаға ұқсас зат болғанын айтқан. Әскери қызметшілер аталған адамдарды құрықтауға тырысқанымен, олар қаша жөнелген. Курсанттар қуып жетіп, қолға түсірген.

Күдіктілер полицияға тапсырылып, граната сараптамаға жіберілді. Кейін анықталғандай, олардың бірі бұрын ұрлық және тонау əрекеттері үшін сотты болған.


Соңғы жаңалықтар