Google-ға қандай қызық сұрақтар қойылады? - Әлемдік баспасөзге шолу

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» ХАА әдеттегідей оқырман назарына әлемдік ақпарат көздеріне шолуын ұсынады.

Роботтарға сезуге мүмкіндік беретін қолғап ойлап табылды - Science Robotics 

Стэнфорд университетінің ғалымдары роботтарға сезуге мүмкіндік беретін қолғап ойлап тапты. Мысалы, енді бұл қолғапты киген робот таңқурай ұстаса да, допты қолымен алса да, оларды мыжып тастамайды. Бұл туралы Science Robotics басылымы жазды.

«Инженер Жэньан Бао бастаған команданың айтуынша, бұл технологияның арқасында роботтар адам секілді сезіне алатын болады. Қолғаптың ұшындағы датчик әлі де жетілдіруді қажет етеді. Дегенмен, қазіргі күннің өзінде робот екі саусағымен жұмыртқаны ұстап тұра алады» деп жазады басылым.
null 

Автордың айтуынша, адам терісінде де қысымды, жылуды, басқа де параметрлерді сезетін сенсорлар болады. Роботтарға арналған қолғап та сол сипатта жұмыс істейді. Ал Стэнфорд университетінің қызметкерлері Клементина Бутри мен Марк Негре адамдағы механизмге ұқсас электронды датчиктерді жасаған. Бұл қолғапты киген робот күнделікті тұрмыста ғана емес, хирургияда да қолданыла алады.

Қозғалмалы бөлшектері жоқ ұшақ жасалды - CNN
 
Массачусетс технологиялық институтының инженерлері ұшу үшін жанармайды қажет етпейтін, қозғалмалы бөлшектері жоқ ұшақ сәтті түрде сынақтан өткізілгенін хабарлады. CNN басылымының жазуынша, Nature журналында жарияланған мақалада бұл жаңа технология болашақта экологиялық таза ұшақтарға жол салатыны жазылған.

«Бұл қозғалтқыш жүйесінде қозғалатын бөлшектері жоқ тарихтағы алғашқы ұшақ. Бұл механикалық тұрғыда жеңіл құрастырылатын, дыбыссыз әрі атмосфераға зиянды бөлшектер шығармайтын ұшақтар жасауға жаңа мүмкіндіктер береді», - дейді Массачусетс технологиялық институтының профессоры Стивен Барретт.
null 

«115 жыл бұрын ағайынды Райттар алғашқы ұшақты ұшырып, адамзат тарихында ерекше із қалдырды. Сол кезден бері ұшақтар қозғалмалы бөлшектер, яғни, турбина немесе еспе винттер арқылы жұмыс істейді. Ал жақында сынақтан өткізілген ұшақ ионды жел концепциясы негізінде жасалған» деп жазады басылым.

Күндегі қатты дауыл Жерге қауіп төндіріп тұр - ВВС
 
Ғалымдардың айтуынша, Күндегі қатты дауыл Жерге қауіп төндіріп тұр, оның ішінде әсіресе экономикалық қауіп басым, деп жазады ВВС басылымы.

«1972 жылы Вьетнамда ондаған мина өздігінен жарылып кеткен еді. Жақында оған Жердің магниттік өрісіне әсер еткен Күндегі қатты дауыл әсер еткені белгілі болды. Ендігі кезекте Күндегі дауыл электр желісіне, спутникке, тағы да басқа технологияға кері әсерін тигізуі мүмкін. Сонымен қатар бұл құбылыс экономикалық шығынға ұшыратады деп күтілуде» деп жазады басылым.

Мамандардың айтуынша, ғарыштағы мұндай оқыс жағдай жүз жылда бір рет болып отырады.

«Енді қайталанған кезде, бұл құбылыс анағұрлым көп қауіп төндіреді», - дейді ғалымдар.
null 

«2018 жылы ғарыш спутниктері мен ұшақтар, энергетикалық жүйелер жаһандық байланыста маңызды орын атқарады. Дегенмен, Күндегі өзгерістер бұлардың барлығына қауіп төндіріп тұр. Мемлекеттік агенттіктер энергетикалық компанияларға, әуе компаниялары мен ғарыш аппараттарына ғарыштағы мұндай жағдайдың әсерін шектеу үшін түрлі жоспар ұсынуда. Егер кейбір спутниктермен байланыс үзілсе, навигаторлар мен спутникті телеарналар істен шығуы мүмкін» деп жазылған мақалада.

Адамдар неше жасқа дейін өмір сүре алады - The New York Times
 
Адамдардың неше жасқа дейін өмір сүре алатыны ғалымдарды ғана емес, баршамызды алаңдатып келеді. Әсіресе, қартайғанда түрлі ауруларға шалдығып, өмірмен қоштасатындар көп. Дегенмен, егер ондай аурулар болмаса, адамдар неше жасқа дейін өмір сүре алады? The New York Times басылымында жарияланған мақалада автор осы сұраққа жауап іздеп көріпті.

«Адам мәңгі өмір сүре алмайды. Осы күнге дейін ең ұзақ өмір сүрген адам ретінде 122 жыл өмір сүрген француз Жанна Калль тіркелген. Ол 1997 жылы дүниеден өтті. Ғалымдар осы күнге дейін адамдардың неше жас өмір сүре алатыны туралы ортақ пікірге келе алар емес. 2016 жылы бір топ ғалым адамдар 115 жастан артық өмір сүре алмайтынын айтты. Жақында тағы бір топ ғалымдар адамдардың ең ұзақ өмір сүру жасы шексіз екенін айтты» деп жазады басылым. 
null 

Автордың айтуынша, ғалымдар қартаятын клеткаларға қарсы дәрі-дәрмектер ойлап табуға тырысуда. Дегенмен, қарттық кезінде пайда болатын ауруларға қарсы дәрілер шығуы мүмкін болғанымен, қарттыққа қарсы препарат әлі ойлап табылмады.

«Адамдардың барлығы өледі. Ешбір ғалым біздің мәңгі жасауымыз мүмкін екеніне сенбейді. Дегенмен, біз бұрынғыға қарағанда дені сау қарттардың көбейетін заманында өмір сүріп жатырмыз» деп жазады автор.

 «Өмірдің мәні неде?» Google-ға қандай қызық сұрақтар қойылады?- The Guardian
 
Адамдар өмірдің мәнін де, өзінің денсаулығын да, тіпті, айналасындағыларға ұнайтын-ұнамайтынын да Google-дан сұрайтын болған. The Guardian басылымының жазуынша, іздеу жүйесін құдіретті санайтындар қатары артқан.

«Google іздеу жүйесінің қандай сұраққа жауап бергенін қалайсыз? Мысалы, ұтысы бар лоторея нөмірін, жат планелықтардың бар-жоғын немесе өлгеннен кейін не болатынын білгіңіз келе ме? Бұл Google-ға ең көп қойылатын сұрақтар қатарында бар. Сонымен қатар адамдар «Мен бай боламын ба?», «Ертеңгі күннің ұтысы бар лоторея билеттері», «Мені айналамдағылар жақсы көре ме?», «Өмір деген не?», «Құдай бар ма?» деген сұрақтарға жауапты да іздеу жүйесінен табуға тырысады екен.
null 

Автор Google іздеу жүйесінің оракул, сәуегей, тыңшы, психотерапевт пен дін қызметшісінің жұмысын атқара бастағанын жазады.

«Іздеу жүйесін құдіретті санайтындар қатары артқанымен, оның мүмкіндіктері шектеулі. Біздің осындай сұрақтар қоюымыз керісінше бізді сипаттайды. Әлем өзгеріп жатқанымен, адамдардың ерекшелігі мен қажеттіліктері өзгермегенін көрсетеді. Дегенмен, компьютерді бір шертіп, қалағанымызды біле алатынымыз адамдардың психикалық және эмоционалдық жарасын тырнайды.  Тіпті, адамдарда проблема пайда болса да, олар іздеу жүйесіне жүгінетін болған. Бір айтарымыз, Google-дағы іздеу нәтижесі проблемамызды шешу жолындағы бастамасы болса ғана пайдасы тие алады» деп жазады автор.

 

Соңғы жаңалықтар