«Go nomads» бағдарламасы қайта жандандырылды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «Go nomads» бағдарламасы қайта жандандырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Халықаралық бағдарламалар орталығында «Go Nomads» бағдарламасы қайта жандандырылды. Аталған бағдарлама еліміздің жоғары оқу орындары үшін ағылшын тілі оқытушыларына көмекші ретінде шетелдік еріктілер мен TEFL (Teaching English as a Foreign Language) әдіскерлерін тартуға бағытталған. Мақсат ағылшын тілді қазақстандық тұрғындардың, оның ішінде жастардың қатарын көбейту», делінген хабарламада.

Еріктілер жергілікті студенттерге ағылшын тілінде еркін сөйлеу қабілетін арттырып, тілдік кедергілерді жоюға көмектеспек және өздерінің мәдениеті, өмірлік тәжірибелері, білген-түйгендерімен бөлісетін болады.

Бұдан бөлек түрлі пікірталас клубтары мен сессияларын ұйымдастырмақ. Олар үшін «Go Nomads» бағдарламасы жаңа елді жан-жақты танып білуге, сондай-ақ түрлі адамдармен танысуға ерекше мүмкіндік бермек.

Бағдарламаға өтініш бергендер жыл бойы қабылданады. Оның ұзақтығы: 1 айдан 6 айға дейін, күніне 4–5 сағат, аптасына 5 күн дүйсенбі – жұма аралығында өткізіледі.

Бағдарлама жасы 21-ге толған, ағылшын тілінде еркін сөйлей алатын, білімдері мен өмірлік тәжірибелерін бөліскісі келетін адамдарға арналады.

Бағдарлама бойынша тегін баспана (жатақхана немесе жалдамалы пәтер), үш мезгіл тамақ, барып-келу әуе билеті, базалық медициналық сақтандырумен қамтылады.

Қатысушыларға қойылатын талаптар: жасы 21-ге толуы керек; бакалавр немесе магистр дәрежесіне ие, шет тілі ретінде ағылшын тілінен оқыту тәжірибесін растайтын сертификаты бар маман болуы қажет.



Соңғы жаңалықтар