Ғимаратты студенттік жатақханаға реконструкциялау бойынша мемтапсырыс нормативі ұлғайтылмақ

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтан және Алматыда ғимараттарды студенттік жатақханаға реконструкциялау бойынша мемлекеттік тапсырыс нормативі ұлғайтылмақ. Бұл жайында Мәжіліс депутаттарының сауалына ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың жауабында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекеттік-жекешелік әріптeстік аясында жатақхана құрылысы бағытының бизнес үшін тартымдылығын арттыру іс-шаралары қабылдануда. Атап айтқанда, инвесторлардың шығыстарын оңтайландыруға жағдай жасау мақсатында жобалау-сметалық құжаттама банкі құрылды (www.studdom.kz - сайтында орналастырылған), оның ішінде 3 типтік жатақхана жобасы әзірлеген. Сондай-ақ сәтті іске асырылған жеке жобалар туралы толық деректер бар», - делінген Ералы Тоғжановтың жауабында.

Вице-премьер 500 орындық студенттік жатақхананың жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленгенін де атап өтеді.

«Жеке инвесторларды қолдау және ынталандыру мақсатында инвесторлар үшін Алматы қаласында жатақханалар салуға мемлекеттік тапсырыс нормативі бір орын үшін 122-ден 144 айлық есептік көрсеткішке дейін ұлғайтылды. Қазіргі уақытта Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында ғимараттарды студенттік жатақханаға реконструкциялау бойынша мемлекеттік тапсырыс нормативін бір орын үшін 47-ден 92 АЕК-ке дейін ұлғайту мәселесі пысықталуда. Бұл бастама республикалық бюджет комиссиясының отырысында қолдау тапты. Бұл іс-шаралар жатақханалар құрылысына инвесторлардың жаңа пулын тартуға мүмкіндік береді», - деді Үкімет басшысының орынбасары.


Соңғы жаңалықтар