Герольд Бельгер қазақ тілінің қарыштап дамуына айрықша үлес қосты – ҚР Президенті

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда белгілі жазушы, әдебиеттанушы, қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі Герольд Бельгерге ескерткіш қойылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ескерткішті салтанатты түрде ашу шарасына Қазақстанның Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев, Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев, елімізге танымал ақын, жазушылар мен зиялы қауым өкілдері қатысты.

Қырымбек Көшербаев Қазақстан Президентінің құттықтау хатын оқып берді.

« Халқымыз «Гераға» деп құрмет тұтқан Герольд Карлович саналы ғұмырында ұлтымыздың әдебиеті мен мәдениетін өркендетуге, қазақ тілінің қарыштап дамуына айрықша үлес қосты. Бала шақтан дала демократиясын бойына сіңіріп өскен қарымды қаламгер ұлт руханиятындағы өткір де өзекті мәселелерді де әрдайым бүкпесіз айтып, қоғамда талқылап, оларды шешу жолдарын ұсынып отырды. Ең бастысы, жазушы Герольд Бельгер өзінің өмірі мен өнері арқылы бірлігі жарасқан біртұтас Қазақстан халқын қалыптастыру ісіне қалтқысыз қызмет етті «, - деп жазылған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жолдаған хатта.

Ескерткіш Жамбыл мен Ш. Уәлиханов көшелері қиылысының солтүстік бөлігіндегі саябаққа қойылды. Жазушы осы маңдағы үйде тұрған және үнемі осы саябақта жүргенді ұнатқан.

Бельгер Герольд Ресейдің Саратов облысында 1934 жылы 28 қазанда дүниеге келген.

1941 жылы Сталиннің жарлығымен КССР-дағы барлық немістермен бірге Қазақстанға, қазақ ауылына (СҚО-ның Ысқақ Ыбыраев ауылы) жер аударылды. Бұл жерде жас Герольд қазақ тілін үйренеді. Қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы Шалақын ауылында қазақ орта мектебінде оқыды. Мектепті алтын медальға аяқтаған.Абай атындағы Қазақ педагогика институтын және аспирантурасын тәмамдады.

Шығармаларын неміс, орыс, қазақ тілдерінде жазған. 1958-1960 жылдары - Жамбыл облысы Байқадам кеңшарының орта мектеп мұғалімі. 1963-1964 жылдары - «Жұлдыз» журналының әдеби қызметкері.

1964 жылдан шығармашылық жұмыста болған. 1992 жылдары неміс тілінде шығатын «Феникс» альманахы бас редакторының орынбасары қызметтерін атқарған.

«Ауыл шетіндегі үй», «Даладағы шағалалар», «Алты асу», «Тас өткел», «Бауырластықтың жанды бейнесі», «Созвучие», «Уақытпен бетпе-бет», «Мотивы трех струн», «Гете и Абай», «Родство», «Земные избранники» зерттеу еңбектерінің, жекелеген әңгіме, мақалалары енген 25-ке жуық жинақтардың авторы. Б.Майлин, Х.Есенжанов, Ә.Нұрпейісов, Ә.Кекілбаев, Д.Досжанов, тағы басқа қазақ жазушыларының бірқатар шығармаларын қазақшадан орыс тіліне, А.Раймген, Э.Кончак, Н.Ваккер, тағы басқа неміс ақын, жазушыларының жекелеген туындыларын неміс тілінен орысшаға аударды.

Қазақстан Жазушылар одағының Б.Майлин атындағы сыйлықтың, Президенттің бейбітшілік пен рухани татулық сыйлығының, сондай-ақ Қазақстан ПЕН-клуб сыйлығының иегері. «Достық» орденімен марапатталған.

Жазушы 2015 жылдың ақпан айыда 81 жасқа қараған шығында өмірден озды.


Соңғы жаңалықтар