Германияда ет комбинатының 1300-ден астам қызметкері коронавирус жұқтырған

None
None
ДЮССЕЛЬДОРФ. ҚазАқпарат – Жексенбі күнгі мәліметтер бойынша Германияның солтүстік батысындағы ет өңдеу зауытының 1331 қызметкерінің коронавирусқа тесті оң нәтиже көрсеткен. Бұл туралы ҚазАқпарат Deutsche Welle агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Бұл жағдайға қарамастан Солтүстік Рейн-Вестфалияның мемлекеттік премьері Армин Лашет аталған ауданда карантиннің жаңа режимін енгізу әлі де қажет емес деп мәлімдеді.

«Пандемияның үлкен қаупі» бар. Алайда, Билефельдке жақын орналасқан Реда-Виденбрюктегі Tönnies мал сою пунктінде қазіргі кезде инфекция тоқтаған»,– деп мәлімдеді Лашет жексенбі күні баспасөз мәслихатында.

Сондай-ақ, ол инфекция халыққа таралмауы үшін қолдан келгеннің барлығын жасай отырып, басқа да мақсатты шараларды қолданатынын атап өтті.

Жергілікті денсаулық сақтау органдарының мәліметінше, жексенбі күнгі жағдай бойынша зауыттың 1331 қызметкерінің тесті оң нәтиже көрсеткен. Ауру анықталғандардың көпшілігі – Румыния мен Болгариядан келген қызметкерлер. 6500-ге жуық жұмыскер мен олардың отбасы мүшелері карантинге алынды.

Германияда коронавирус жұқтырған жаңа жағдайлардың өсім деңгейі сенбі күні 1,79-ға жетті.


Соңғы жаңалықтар