Германияда барлық дүкендер мен мектептер ашылуда, ал Бундеслига 15 мамырда оралады - БАҚ

None
None
БРЮССЕЛЬ. ҚазАқпарат – Германия федералдық үкіметі карантин шараларын жеңілдетуге ниетті, бірақ ауру жұқтырушылар саны күрт өскен жағдайда төтенше жағдай режимін қайта енгізуі мүмкін, деп хабарлайды ҚазАқпарат меншікті тілшісі DPA агенттігіне сілтеме жасап.

Канцлер Ангела Меркель мен 16 өңірдің үкімет басшылары сәрсенбі күні түстен кейін телефон конференциясын жүргізіп, вирустың таралуының алдын алу үшін енгізілген шектеулерді жеңілдететіні туралы келіседі.

Шешім жобасына сәйкес, федералдық үкімет ірі шараларды өткізуге, соның ішінде фестивальдар мен спорттық шараларға тамыз айының соңына дейін тыйым салады. Берлин бүкіл ел аумағындағы дүкендердің ашылғанын қолдап отыр. Дегенмен, клиенттер арасындағы қашықтық 1,5 метр болуы міндетті.

Федералдық үкімет балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша қатаң нұсқаулықтарға сәйкес, барлық мектеп оқушыларының жазғы каникулдарға шығуы үшін сыныптарға кезең-кезеңімен оралуын қарастырып жатыр.

Бундеслига мамыр айының ортасында матчтарға рұқсат береді. Бірақ, олар екі апталық карантинді сақтауы тиіс. Көрерменсіз өтетін ойындар 15 немесе 21 мамырда басталады деп жоспарлануда.

Бұдан бөлек, федералдық үкімет коронавирусқа қатысты қосымша шектеулерді жеңілдету шараларына жауапкершілікті федералдық жерлерге бермекші.

Ангела Меркель 20 сәуірде ауру жұқтырудың жаңа жағдайлары өсетін болса, қатаң шектеулерді қайта енгізетінін мәлім етті.

Авторы: Тимур Дүйсекеев


Соңғы жаңалықтар