Георгиос Стейрис: Әл-Фараби - жаһандану идеясын бірінші болып алға тартқан адам

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Ұлы ойшылдың философия тарихындағы орны ерекше. Әл– Фараби жаһандануды ойлаған сол идеяны алға тартқан бірінші адам. Бұл туралы Грекия мемлекетінен келген фарабитанушы Георгиос Стейрис мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойының ашылу салтанатына арнайы келген Каподистри атындағы Афина ұлттық университетінің профессоры, фарабитанушы Георгиос Стейристің пікірінше, Платон мен Аристотельден шабыт алған әл-Фарабидің философиялық көзқарасы мен тәсілі ерекше.

«Философия тарихында әл-Фараби идеялары әлі де өзекті. Оның философиясы Платон мен Аристотельден біраз шабыт алғанымен, ол басқа әлемді бейнелеудің маңызды және қызықты тәсілдерін өз көзқарасымен көрсетеді. Ол - жаһандануды ойлаған және сол идеяны алға тартқан бірінші адам. Ол ежелгі гректердің қайырымды қала идеясын сақтауға көмектесті. Оның пайымдауы күні бүгінге дейін маңызды және ықпалды болып қала бермек. Өйткені әл– Фараби елді ақыл-ой мен шыдам арқылы басқаруға болатынын кезінде дәлелдеп кеткен. Мұны ешбір діни немесе этникалық дәстүр жоққа шығармайды»,– дейді фарабитанушы.

Оның айтуынша, әл-Фараби шығармашылығы әлемді біріктіреді.

«Ұлы ойшылдың шығармашылығы мен қызметі Қазақстан, Ирак, Сирия және Мысырдың тарихи жерлерін, Жерорта теңізінен Қытай шекарасына дейінгі барлық ұлы өркениеттерді біріктірді. Нәтижесінде ол Аристотельден кейінгі ұлы философ атанды. Әл-Фараби - Ислам мен классикалық грек философиясының қиылысында көтерілген мәселерді бірінші болып зерттеген философ. Ол екі жақты да дамытатын философиялық және діни бейімделудің үлгісін көрсете білді»,– дейді Каподистри атындағы Афина ұлттық университетінің профессоры Георгиос Стейрис.

Бүгін Қазақстан әл-Фарабидің 1150 жылдығын мерекелеуді ресми түрде бастады.



Соңғы жаңалықтар