Гендерлік теңдік саласында Орталық Азия білім орталығын құру тұрғысында жұмыстар жүріп жатыр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Шиеленістерді болдырмау, бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайтуда әйелдердің қатысуын кеңейту бойынша күш-жігерді іске асыруға қатысты Қазақстан барша халықаралық ұйымдармен жемісті ынтымақтастыққа әзір. Бұл туралы бейбітшілік пен қауіпсіздік мәселесінде әйелдердің рөлі тақырыбына арналған дөңгелек үстел отырысында ҚР Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары Аида Балаева айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстан «Тең құқылы ұрпақ: әйелдер құқығы мен тең құқылы болашақты қорғау» жаһандық форумы аясында қатысатыны туралы бастаманы білдіріп, зорлық-зомбылық пен экономикалық әділетсіздікті жою бойынша міндеттемені алды», - деді А. Балаева ҚР Сыртқы істер министрлігіндегі жиында.

Сонымен қатар ол гендерлік теңдік және құқықтарды кеңейту саласында Орталық Азия білім орталығын құру тұрғысында жұмыстар жүріп жатқанын жеткізді. Орталық өз жұмысында Орталық Азия елдерімен серіктестік қатынастарды нығайтуға, осы орайда 2030 жылға дейінгі орнықты даму саласындағы күн тәртібін ілгерілетуді қолдауға бағытталған.

БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тоғыз қарарын іске асыру мақсатында Қазақстан Үкіметі өткен жылдың желтоқсанында 2025 жылға дейінгі іс-шаралар жоспарын бекітті. Жоспарда шиеленістерді болдырмауда, қауіпсіздікті қамтамасыз етуде, әйелдерге қарсы зорлық-зомбылықтың алдын алуда нәзік жандылардың тең құқылы қатысуына қатысты, сондай-ақ азаматтық қоғаммен өзара іс-қимылды ынғайту тұрғысында нақты қадамдарды жүргізу қамтылған.

Бұдан бұрын хабарланғандай, А. Балаева Қазақстанда қызметтің барлық саласында әйелдердің жұмысын ілгерілету тұрғысында табысты көрсеткіштерге қол жеткізілгенін айтты.


Соңғы жаңалықтар