Гектарына 19,1 центнерден астық бастырылуда - министр Омаров

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстанда гектарына 19,1 центнерден астық бастырылып жатыр. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгінгі күні Ақтөбе, Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қызылорда және Түркістан облыстарында дәнді дақылдарды жаппай жинау жүргізіліп жатыр. Осы жылдың 10 тамызындағы жағдай бойынша 929,4 мың гектар немесе егін жиналуы тиіс алқаптың 37,3 пайызы бастырылды. Орташа түсім гектарына 19,1 центнерді құрайды. Бұл өткен жылғы көрсеткішпен бірдей», - деді министр.

Оның дерегінше, бүгінгі күнге дейін 1,8 млн тонна дәнді дақыл бастырылды. Өткен жылдың дәл осындай кезеңінде 1,4 млн тонна астық жиналған болатын.

«Сонымен қатар республиканың негізгі егін егуші өңірлері де жаңа егін көлемін жинауға кірісіп кетті. Бүгінгі күні 93,3 мың гектар жерде егіс жиналды. Солтүстік өңірлер жаппай егін жинауды 20 тамызға қарай бастайтын болады. Нәтижесінде 7 айдың қорытындысы бойынша өсімдік шаруашылығында өнім көлемі 2,1 пайызға ұлғайып, 242 млрд теңгені құрайды», - деді Сапархан Омаров.


Соңғы жаңалықтар