Ғайсағали Сейтақ: «ҚазАқпарат» редакциясының алғашқы ғимаратын тауып, ескерткіш тақта орнату керек

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Биыл «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігінің құрылғанына 100 жыл толды. Осы орайда агенттікте ұзақ жылдар бойы қызмет етіп жүрген өз ісінің нағыз кәсіби мамандары жайында материалдар топтамасы жарияланып келеді. Бүгін біз Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшесі, 20 жыл бойы «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО бойынша өңірлік тілшісі қызметін атқарып келе жатқан Ғайсағали Сейтақ ағамыздан сұхбат алдық.

- Ғайсағали аға, «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО бойынша өңірлік тілшісі болып келе жатқаныңызға 20 жыл болыпты. Бұл ұжымға алғаш жұмысқа орналасқан кезіңіз есіңізде ме?

- Мен «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарамын. Баспасөз саласында 40 жыл еңбек етсем, соның 20 жылында «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО бойынша өңірлік тілшісі болып келемін. Інім Айбатыр Сейтақ та – ақын, журналист. Өзі елордада тұрады. Ол да кезінде ҚазАқпаратта жұмыс істеген. 2000 жылдың жазында мен елордаға бардым. Інімнің айтуымен ҚазАқпараттың сол кездегі қазақ редакциясының бас редакторы, белгілі қаламгер Жарылғап Бейсенбайұлымен танысуға барғанмын. Ол кісі тілші болуға ұсыныс жасап, маған тапсырмалар берді. Сөйтіп 2000 жылдың 1 қыркүйегінен бастап жұмысқа кірісіп кеттім.

- Алғашқы жұмыс күндері қалай өтті? Өңірлік тілші ретінде және сайттағы алғашқы жұмыс тәжірибеңіз болғандықтан, есте қалған қызықты жағдайлар көп шығар.

- 20 жылда біраз басшы ауысты. Мен жұмысқа орналасқан жылы жағдай қиындау болды. Байланыс құралдары да қазіргі кездегідей дамып тұрған кез емес еді. Біз ақпаратты елордаға факс арқылы жіберетінбіз. Ол кезде барлық өңірдегі тілшілердің жұмысын Қаламқас Әскерқызы үйлестіріп отырды. Ол ақпараттың басқа сайттардан кешікпей шығуын, жедел беруін қадағалап отыратын.


- Алғашқы жалақыңыз есіңізде ме? Оны неге жұмсадыңыз?

- Бастапқы бірнеше айда тегін, кейін қаламақыға жұмыс істедім. Алғашқы жалақымды неге жұмсағанымды ұмытып қалыппын. Ол кезде біз жалақы, оның мөлшері туралы ойламайтынбыз. Бар ойымыз – берілген тапсырманы уақтылы, тиянақты етіп өткізіп отыру болды. Менің алдымда осы облыстан талаптанып көрген тілшінің күніне 3-4 ақпарат тауып жазу қиын екенін айтып, жұмыстан шыққаны туралы естігенмін. Қазіргі уақытта біз күн сайын ең кемі 3-4 ақпарат, ең көбі 8-9 ақпарат өткіземіз.

- Газет пен сайтта жұмыс істеудің қандай айырмашылық, ерекшелігін байқадыңыз? 20 жылда сіздерге қойылатын талап та өзгеріп отырған шығар?

- Бастапқыда біз тек күндіз жұмыс істейтінбіз. Қазіргі уақытта тәуліктің кез келген мезгілінде ақпарат беріп үйрендік. Ақпаратты оқиға орнынан бірден жіберуге тырысамыз. Мысалы, 2-3 жыл бұрын автобуспен келе жатқан кезде жол апатына ұшырадық. Өзім де жарақат алдым, соған қарамастан оқиға орнынан жаңалық жазып, WhatsApp арқылы жедел түрде жібердім. Өңірлік тілші болғандықтан, өз аймағың бойынша барлық жаңалық, оқиғадан хабардар болуға тиістіміз. Ақпаратты барынша қысқа, нұсқа, түсінікті етіп беруіміз керек.

- Сіз көбінесе қандай тақырыпта қалам тартып жүрсіз? Сіз жазған ақпарат, мақала арқылы қандайда бір мәселелер шешімін тапқан жағдайлар болды ма?

- Мен сұхбат та, сараптама да, ақпарат та жазамын. Мені облыстық деңгейдегі мәселелер туралы жазуды ғана емес, жалпы спорт тақырыбында жазған да қызықтырады. Өзім спортқа жақынмын. Бос уақытымда волейболмен айналысамын. Футбол, хоккей, теннис туралы тікелей эфирлерді қарап, бірден ақпарат беріп отырамын. 2015 жылдың қорытындысы бойынша спорт журналистері арасында ҚР Мәдениет және спорт министрлігі тағайындаған С.Бердіқұл атындағы сыйлықтың лауреаты атандым.

- 100 жылдық мерейтойға орай қандай тілек айтасыз?

- Былтыр «Егемен Қазақстанның» 100 жылдық мерейтойына орай жұмыс сапарымен Орынбор қаласына бардық. Ондағы басты мақсат «Егемен Қазақстан» редакциясы орналасқан ғимаратқа ескерткіш тақта қою еді. Шын мәнісінде ҚазАқпараттың РОСТА-ның Орынбор-Торғай бөлімшесі ретінде 1920 жылдың тамызында ашылғаны белгілі. Демек, біздің агенттік те Орынборда орналасып, жұмыс істеді деген сөз. Қазақ АКСР Орталық атқару комитеті, басқа да мекемелер орын тепкен тарихи үйлер әлі күнге дейін сақталған. Басшымыздың тапсырмасына орай біз тілдесіп көрген орынборлық азаматтар Орынбор-Торғай бөлімшесінің сол Орталық атқару комитетінің ғимаратында орналасқан болуы мүмкін екендігі жөнінде болжам айтты. Мұны нақты анықтау үшін архивтерді қопарып, 1920 жылдан бастап шыққан газет тігінділерін ашып қарап, тарихшылармен сөйлесу керек. Болашақта сол ғимаратты анықтап, үкіметаралық келісім нәтижесінде ескерткіш тақта орнатуға болады деп ойлаймын.

ҚазАқпарат ұжымын 100 жылдық мерейтоймен құттықтай отырып, сөзімді мына өлең шумағымен түйіндегім келеді.

Тілші болсаң, жаз күнде, жаз апталап,

Халыққа да керегі – таза ақпарат.

Табысыңды ел көрсін, әлем білсін,

Шабысыңнан жаңылма, ҚазАқпарат!

- Сұхбатыңызға үшін рахмет.

... Ғайсағали Сейтақ – 1958 жылы шілденің 1-інде Батыс Қазақстан облысы Бөкей ордасы ауданы Хан ордасы ауылында дүниеге келген. 1976 жылы қазіргі Жәңгір хан атындағы Орда орта мектебін, 1980 жылы А.Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (қазіргі М.Өтемісұлы атындағы БҚМУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген.

1980-1982 жылдары Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. 1982 жылдан облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. Қазіргі кезде «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарады. Сонымен қатар 2000 жылдан бері «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО бойынша өңірлік тілшісі қызметін қоса атқарып келеді.

1987 жылдың қорытындысы бойынша республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың лауреаты (1988). Қ.Мырзалиев атындағы мүшайраның бас жүлдегері (1995). Қазақ радиосы ұйымдастырған «Қазақстаным – қара шаңырағым» (1998) және облыстық «Орал өңірі» газетінің 90 жылдығына орай өткізілген «Жайық жырлайды» республикалық жыр мүшайраларының жүлдегері (2008).

Сегіз жыр кітабының авторы.

«Қазақстан тәуелсіздігіне – 10 жыл» (2001) және «Астанаға – 10 жыл» (2008), «Астана – 20 жыл» (2018) мерекелік медалінің, «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігі «Үздік меншікті тілші» аталымының (2008), «Ішкі әскерлер қызметінің үздігі» төсбелгісінің иегері. «Қазақ хандығына 550 жыл» медалімен, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Ақпарат және мұрағат комитетінің құрмет грамотасымен (2008), ҚР Төтенше жағдайлар министрінің (2014) және облыс әкімінің алғыс хаттарымен (2008, 2015) марапатталған. «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері (2016).

БҚО тілдерді дамыту басқармасы «Мемлекеттік тіл – менің тілім» байқауының бас жүлдегері (2014), ҚР Мәдениет және спорт министрлігі «Мемлекеттік тіл және БАҚ» республикалық байқауының жүлдегері (2015), спорт журналистері арасында 2015 жылдың қорытындысы бойынша ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің С.Бердіқұл атындағы сыйлығының лауреаты (2016).


Соңғы жаңалықтар