Гавай аралдарында жанартау атқылап, тағы да эвакуация жарияланды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Билік Америкадағы Гавай аралдарының (Гавайя штаты) солтүстік бөлігіндегі Килауэа жанартауының атқылауына байланысты Ланипун елді мекенінің тұрғындарын жедел көшіру жөнінде  шешім қабылдады, деп хабарлайды ТАСС штаттың төтенше жағдайлар агенттігіне сілтеме жасап.

«Біз Ланипун ауданында екі жаңа жанартау жарығының пайда болғанын растаймыз.  Бұл жарықтардан улы газдар шығып жатыр. Ланипунның барлық тұрғындары шұғыл түрде үйлерінен кетуі керек», - деп ескертті агенттік өзінің Twitter-дегі парақшасында. Ведомство дерегі бойынша, мұндай жарықтардың саны бүгінде 14-ке дейін өскен.

Арал билігі лава ағындары байқалған кейбір тасжолдардың учаскелерін жабатынын хабарлады. Сондай-ақ, эвакуация кезінде үй жануарларын қалдырып кетуге мәжбүр болғандардың малдарын құтқару бағытындағы  шаралар  да қолға  алынуда.  Адамдар мен үй жануарларына арналған уақытша орналастыру орталықтары жабдықтандырылуда, деп хабарлайды Гавай округіның мэрі  Гэрри Ким.

0,347 шаршы шақырымға жайылған лава 35 үй-жайды жойды. Бұдан бұрын апат болған аумақта 1,7 мың адам эвакуацияланған болатын.  Килауэа жанартауы Гавай аралдарындағы туристердің ең көп баратын танымал жері. Осыған байланысты штат билігі ескерту жариялап, табиғи апат болған аумаққа туристердің жақындамауын сұрайды.

3 мамырда  Килауэа  жанартауының атқылауымен қатар, қуаты 6,9 балдық жер сілкінісі болды. Жерасты дүмпуінің эпицентрі  Хавайиан-Пэрадайс-Парк (Пуна округі) аумағынан оңтүстік-батысқа қарай 25,5 шақырым жерде орналасқан. Жер сілкінісінің ошағы 5 шақырым тереңдікте жатыр.

 

Фото: korrespondent.net

Соңғы жаңалықтар