Ғашықтық себепкерлігімен бой көтерген тарихи ғимарат

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Үндістанның әйгілі билеушісі Жаһан шах он тоғыз жыл отасқан, он үш құрсақ көтеріп, он төртінші перзентін дүниеге әкелерде көз жұмған  аяулы жары Мұмтазаға арнап, кейін әлемдегі жеті кереметтің біріне саналған Тәж Махал  ескерткіш-ғимаратын салдырған екен.

Әрине, Тәж Махалдың сән-салтанатына жетпесе де ғашықтық себепкерлігімен бой көтерген тарихи ғимарат елордамызда да бар. Ол - бүгінде Украинаның Қазақстандағы Елшілігі қоныстанған Кенесары мен Бейбітшілік көшелерінің қиылысындағы ғимарат. Бұл ғимаратты 1910-1912 жылдары танымал көпес Матвей Кубриннің ұлы Василий салдырған.

«Ғимарат тарихи Кубриндердің отбасылық тарихымен байланысты. Меніңше, астаналықтар, ақмолалықтар бұл отбасын мақтан тұтады. Бүгінде «Астана» дүкенінен айналған сауда үйі біздің ғимаратпен бір кешен аясына кіреді. Ғимарат тарихы да өте қызықты. Василий Кубрин жұмыс бабымен бірде Петерборға барып, онда театрды тамашалайды. Сол кезде сұлу балеринаны көріп, оған ес-түссіз ғашық  болады. Ол биші қызға тұрмысқа шығуға өтініш жасап, өзімен бірге алып кетпек болады. Сол кезде қыз оған Петербордағыдай сәулетпен үй салып беретін болса ғана тұрмысқа шығуға келісімін беретіндігін айтып шарт қояды», - деді Украинаның Қазақстандағы Елшілігінің баспасөз хатшысы Ирина Блащук.

Ақмола оралған Василий Кубрин кідірместен үй салуға кіріседі. Сұлу биші қызға деген оның махаббаты үйде тез салып бітіруге де ықпал етсе керек. Бір жылға толар-толмас мерзімде петерборлық сұлудың қалаған сарайы дайын болады.

«Осыдан кейін Петерборға қайта барған Валерий уәдесінің орындап келгендігін айтады. Жас жігіттің өзіне деген шынайы сезімін түсінген биші қыз келісімін беріп, тұрмысқа шығады», - деді Ирина Блащук.

Өкінішке орай бұл үйде Василий Кубринге ұзақ тұруды тағдыр жазбайды. Сол кездегі бірінші дүниежүзілік соғыстың басталуы, қазақ даласындағы ұлт-азаттық көтеріліс, Ресейдегі қазан төңкерісі, Ақпан революциясы, Кеңес үкіметінің орнауы секілді бірінен соң бірі болған соғыстар мен өзгерістер Кубриндер әулетінің мазасын қашырып, Ресейге кетулеріне тура келді.

Қазан төңкересінен соң Кубриндер әулетінің үйлері мен дүкендері Кеңестердің қолына өтеді. Биші қыздың қалауымен салынған үйде жұмысшылар клубы мен кітапханасы орналасады. Кейіннен қаланы басқаратын атқарушы комитеттің үйі болады. 1930 жылдардағы Сталиндік қуғын-сүргін кезінде үйдің жертөлесі қудалауға ұшыраған зиялылардың жасырын бас қосатын мекеніне айналады. 1950 жылдары білім басқармасы орналасты. Ал, алпысыншы жылдары облыстық тарихи-өлкетану мұражайына мекен болды. Отыз жылдан астам уақыт бойы мұражай үйі қызметін атқарған ғимарат кейіннен мұражай қорына арналған орын болды. 1998 жылы Ақмола қаласы ресми түрде Қазақстан астанасы атанған сәтте, Алматыдан елшіліктер көшіп келген уақытта ғимарат Украина Республикасының Қазақстандағы елшілігіне пайдалануға берілді.

Соңғы жаңалықтар