Ғани Қарасаев: Қазақстан тарихы ғылымын әлемдік деңгейде насихаттау - уақыт талабы

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан тарихы ғылымын әлемдік деңгейде насихаттау - уақыт талабы. ҚР БҒМ Ғылым комитеті Мемлекет тарихы институтының бөлім басшысы, бас ғылыми қызметкер, тарих ғылымдарының докторы Ғани Қарасаев осындай пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылдың 1 қыркүйегіндегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауында мемлекет, халқымыздың алдындағы тұрған келелі міндеттерді көрсете келе еліміздегі ғылымды әлемдік талап деңгейінде дамытудың міндеттерін саралады. Өйткені, Қазақстан ғылымын әлемдік деңгейге көтеру, оны дүниежүзілік ғылымның құрамдас бөлегіне айналдыру уақыт талабы екендігі белгілі. Аталған мақсатты іске асыруда басқа бағыттармен қатар Қазақстан тарихы ғылымында да біршама жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Солардың ішіндегі ең бастысы - Қазақстан тарихы ғылымын әлемдік тарихтың құрамдас бөлігі ету ісі басты назарға ұсталып отыр. Себебі, Қазақстан тарихы көршілес аймақтар, елдер тарихымен тығыз байланысты екендігі анық. Сондықтан да Отан тарихының әр кезеңдерін зерттеуді халықаралық деңгейде іске асырудың қажеттігі айқындала түседі», - деді ол.

Оның атап өтуінше, бұл талапты әлем ғалымдардың танысып, талқылауларына мүмкіндік жасайтын «Cкопус» базасындағы шетелдік журналдарға жарияланған ғылыми мақалалар арқылы іске асыра аламыз.

Осы мақсатты іске асыруда ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институтында соңғы 3 жылға жуық мерзімде біршама жұмыстар атқарылған. Атап айтқанда, Қазақстаннның қазіргі заман тарихына арналған 20-дан астам мақала ағылшын тіліндегі 35 процентильден жоғары «Cкопус» базасындағы журналдарда жарияланды.

Оларға 20-дан артық халықаралық деңгейдегі жоғары пікірлер түсті. 4 мақала авторлары халықаралық 12 «Хирш» белгісіне ие болды.

«Қазіргі уақытта «Скопус» базасындағы журналдарға жарияланатын Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған мемлекетіміздің сыртқы саясатының бағыттарын зерттеуге арналған мақалалардың тақырыптары мен топтамасы белгіленді. Оның алтауы жарияланды. 4 мақала дайындалып, шетелдік жоғары рейтингтік журналдарға қабылданды. Олардың жариялану мерзімі 2020 жылдың 4 тоқсанына белгіленіп отыр. Институт ғалымдары жарыққа шыққан ғылыми кітаптарының дүниежүзілік деңгейдегі ғылыми ортада талқылануына да назар аударып келеді. Атап айтқанда, екі монография 2020 жылдың мамыр-шілде айларында Мәскеу қаласында өткен халықаралық ғылыми шығармалар көрмесіне қойылып, арнаулы дипломмен марапатталды. Алдағы уақытта осындай монографияларды шетелдік «Скопус» базасында жариялау жоспарланған», - деді Ғани Қарасаев.



Фото: www.history-state.kz

Соңғы жаңалықтар