Гандболдан Азия чемпионаты: Қазақстан қыздары жеңіске жетті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін гандболдан қыздар арасындағы Азия чемпионатының алғашқы турында Қазақстан құрамасы Сингапурден басым түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстандық спортшылар Сингапур қыздарын 33:18 есебімен жеңді. Ал аталған топтағы Оңтүстік Корея Өзбекстанды 45:19 есебімен тізе бүктірді.
Жарысқа қатысатын 12 құрама екі топқа бөлінген. Қазақстан қыздары А тобында Оңтүстік Корея, Гонконг, Сингапур, Қатар, Өзбекстан құрамаларымен сынға түседі.
Алдымен қазақстандық гандболшылар енді 16 қыркүйекте Гонконг, 17 қыркүйекте Өзбекстанмен шеберлік байқасады. Ал 21 қыркүйекте Оңтүстік Кореямен кездеседі.
Ал В тобында Иордания, Жапония, Иран, Үндістан, Кувейт, Ауғанстан бар.
Азия чемпионатында 23 қыркүйекте жартылай финал өткізілсе, финал 25 қыркүйекке белгіленген.
Айта кетсек, құрлықтық дода 1987 жылдан бері тұрақты түрде өткізіліп келеді.
Бұған дейін Оңтүстік Корея 14 мәрте чемпион атанды. Ал Қазақстан құрамасы 2002 және 2010 жылдары екі мәрте жеңімпаз тұғырынан көрінді. Ал Жапония бір мәрте алтыннан алқа тақты.


Фото: olympic.kz

Соңғы жаңалықтар