Гандболдан әлем чемпионаты: Қазақстан қыздары бүгін Норвегиямен кездеседі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін гандболдан әлем чемпионатында Қазақстан қыздар құрамасы алғашқы ойынын Норвегияға қарсы өткізеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әлем чемпионаты 1-19 желтоқсан аралығында Испанияның Лирия, Кастельон, Гранольерс, Торревьеха қалаларында өткізіледі. Дүбірлі додада барлығы 32 құрама бақ сынайды.

Қазақстан қыздары С тобында сынға түседі. Қарсыластары – Норвегия, Румыния және Иран құрамалары.

Ұлттық құрама бүгін Норвегиямен шеберлік байқасады. Ойын елорда уақытымен 01:20-де басталып, Qazsport телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.

Қазақстан құрамасы бұған дейін әлем чемпионаты финалдық сатысында 5 мәрте бақ сынады. 2007 жылы 18, 2011 жылы 19, 2009, 2015, 2019 жылдарда 22 орынды қанағат тұтты. Ал Олимпиада ойындарында 2008 жылы 10 орын алды.

Норвегия - әлемдегі үздік құраманың бірі. Олимпиада ойындарында 2 мәрте чемпион атанса, 2 рет күміс, 2 рет қола жүлдегер болды. Ал әлем чемпионатында 3 алтын, 4 күміс, 3 қола медальға қол жеткізді. Сондай-ақ, Еуропа чемпионатында бірнеше мәрте үздік үштіктен көрінді.

Әлем чемпионатында өзге құрамалар төмендегіше топтарға бөлінген:

А тобы: Франция, Черногория, Ангола, Словения

В тобы: Ресей, Сербия, Камерун, Польша

D тобы: Нидерланды, Швеция, Пуэрто-Рико

Е тобы: Германия, Венгрия, Словакия, Чехия

F тобы: Дания, Оңтүстік Корея, Конго Республикасы, Тунис

G тобы: Жапония, Бразилия, Хорватия, Парагвай

H тобы: Испания, Австрия, Қытай, Аргентина

Финал 19 желтоқсанда болады.


Соңғы жаңалықтар