Ғалымқайыр Мұтанов: ҚР Президентінің Семей полигонын жабу шешімі жылдар өткен сайын құнды бола түседі

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Осыдан ширек ғасыр бұрын тарихи оқиға орын алып, 40 жыл бойы радиациялық уын таратып келген Семей ядролық полигоны жабылды.

Әрине, бүгінгі күні полигонды жабу туралы шешімнің қабылдануы оңайға соқпағаны баршаға аян. ҚазАқпаратқа сұхбат берген Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры, техника ғылымының докторы, академик Ғалымқайыр Мұтанов та мұны «ядролық қарусыздандың әлемдік тарихындағы бірінші әрі айрықша»  оқиғасы ретінде бағалауда.

- Ғалымқайыр Мұтанұлы, ядролық полигонның жабылуының құндылығы мен тарихи мәні неде деп ойлайсыз?

- «Семей ядролық сынақ полигонын жабу туралы шешім» 1991 жылы ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың даналығы мен көрегенділігінің арқасында қабылданған болатын. Бұл теңдессіз саяси қадам әскери ядролық саланың тұрақтану процессіне  баға жетпес үлес қосты. АҚШ, Франция, Ұлыбритания, Ресей және Қытай сынды державалар ядролық сынақтарға мораторий жариялады. Бұл бір жағынан Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шартың пайда болуына түрткі болып, қауіпсіздіктің өңірлік жүйесін құру процессін жеделдетті. Қазақстан ядролық қаруды таратпау және қарусыздан саласының із ашары ретінде көптеген елдер үшін үлгі болып, үлкен өзгерістердің бастамашысы ретінде көрінді.

Ядролық полигонның жабылу датасы тарих қойнауына қарай сырғи түскен сайын Мемлекет басшысы шешімінің тарихи құндылығы мен мәні және «Невада-Семей» халықаралық антиядролық қозғалысының зор рөлі барынша жарқырап, дәледі бола түседі. Бұл шын мәнінде қоғамдық таным-түсінік пен әлемнің саяси картасындағы  күштер конфигурациясын  түбегейлі өзгеріске ұшыратқан ғаламшарлық ауқымдағы оқиға болғаны сөзсіз.  

Бүгінде, ондаған жыл өткеннен кейін Мемлекет басшысының Жарлығы бүгінгі күннің өзекті сын-қатерлері аясында   жаңаша реңкке ие болып отыр. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың БҰҰ-ның биік мінберінен ХХІ ғасырдағы адамзаттың негізгі мақсаты ядролық қарусыз әлем құруға шақырған бастамасы әлемдік қоғамдастық тарабынан жанды үн қату мен қолдауға ие болды. Ядролық қарудан азат әлем құру туралы жалпыға ортақ декларацияның қабылдануы - бұл аталған мақсаттарды жүзеге асыру ісіндегі жаңа маңызды қадам.

 

- Қазақстан сыртқы саясатта бейбітшіл ұстанымдарды ілгерілетуде. Осы ретте сіз қандай антиядролық бастамаларды айрықша атап өтер едіңіз? Олардың маңыздылығы неде?

- Ең біріншіден бұл бағыттағы Қазақстан іс-қимылының дәйектілігін атап өткім келеді. Мәселен, әлемдік қоғамдастықтың  Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарттың күшіне енуіне қолдауын қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Президенті 2012 жылдың 29 тамызында «АТОМ» халықаралық жобасына бастамашылық етті. Бұл жаһандық науқан ядролық қару сынақтарына қарсы күресте әлемді біріктіріп, бейбіт сұхбаттың жандануына және барлық радиоактивті материалдардың қорғалуын қамтамасыз етуге негізделген. Жоба әлемдік қоғамдастық тарапынан зор қолдауға ие болды. Көптеген елдердің көрнекті саясаткерлері, қоғам қайраткерлері, ғалымдары және қарапайым адамдары оған белсенді қатысып жатыр.

Қазақстан аумағында МАГАТЭ-нің қамқорлығымен атом энергетикасын дамытуды жоспарлап отырған мемлекеттерге арналған төмен байытылған ядролық отын банкі құрылды. Бұл елдер арасындағы сенімді бекіту, тұрақты әлемді нығайтудағы жүйелі саясатты жалғастыру және жаһандық ядролық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі маңызды қадам саналады. Сонымен қатар БҰҰ Бас Ассамблеясы Қазақстан бастамашы болған Ядролық қарудан азамат әлем құру туралы жалпыға ортақ декларацияны бекітті. 

Қазақстан ядролық қарусыз әлем құру жолынан айнымайтындығын паш ете отырып, ядролық ғылым басымдығын ілгерілетудегі әлемдік көшбасшыларының бірі екендігін де көрсете алады. Осылайша,  ядролық арсеналды таратпаудағы Президенттің жаһандық бастамалары мен Қазақстанның тәжірибесі шын мәнінде барша адамзаттың игілігі үшін қызмет етеді деуге болады.

Өзара сенімсіздіктің, халықаралық шиеленістердің және геосаяси кеудемсоқтықтың өрши түсіп, ал ажал уын себетін ядролық қаруды таратпау туралы шарттың өз міндеттемесін орындай алмай отырғандығын қаперге алған Нұрсұлтан Назарбаев жалпыға ортақ «ХХІ ғасыр: Соғыссыз әлем» бағдарламасын ұсынды.  Бұл бітімгершілік құжат халықаралық қарым-қатынастарды тұрақтандыруға бағытталған маңызды жаһандық бастамаларды қамтиды.

Менің пайымымша, Мемлекет басшысының манифесі ядролық сынақтың зұлмат салдарын бастан кешкен Қазақстан халқының ұстанымын білдіреді. Бұл маңызды құжат Мемлекет басшысының қазіргі және болашақ ұрпақтың ертеңгі күні үшін алаңдауынан туындаған.

Манифест көшбасшыларды, саясаткерлерді және әлемдік қоғамдастықты барлық адамзат баласын шиеленістер мен жанжалдардан арылту үшін уақыт күттірмес әлі тиімді шаралар қабылдауға шақырады. Ұлт көшбасшысы барлық елдердің басшылары мен олардың азаматтарын жаңа соғыс отының тұтануына жол бермеуге, жанталаса қарулану мен терроризмге бірлесе отырып  тыйым салуға үндейді.

Қазақстан Президенті ұсынған бейбіт бастамаларды әлемдік көшбасшылар сыртқы саясат тәжірибелерінде қолданар болса, онда халықаралық ұйымдар қызметіндегі дағдарыс көріністерін сөзсіз еңсере алатындығына сенімім мол. Бұған қоса,  өзара тиімді ынтымақтастық дамып, қазіргі уақытта жұмыс істеп тұрған халықаралық институттарға деген сенім қайта оралар еді.

Қазақстан ядролық сынақтардың барлық жантүршігерлік әсерін өз басынан кешірді. Семей полигонының аумағы әлі күнге дейін экологиялық тұрғыда ең жайсыз аймақтардың бірі болып қалуда.  Сол дәуірдің адами құндылықтардан ада саясаткерлерінің жаңғырығы әлі де талай жыл бойы өзін еске салып отырады. Жаралыстың салдары ядролық қаруға ие болу үшін жанын салғандардың тұтқынына айналған мыңдаған отбасының  тағдырына әсер етті. Менің де әкем сол бір беймаза уақыттың  куәгері. Көптеген жыл өткеннен кейін ол «Невада-Семей» халықаралық антиядролық қозғалысының белсенбі мүшелерінің бірі, О.Сүлейменовтің жақтасы болып, өз өмірін антиядролық күреске, ядролық сынақтан зардап шеккендердің проблемасына  қоғам назарын аударуға арнады.     

Туған жерінің болашағына күйзелісі мен алаңдауын әкем «Көргендерім» деп аталатын кітабында кеңінен баяндап береді. Азаматтық белсенді ұстанымы мен қоғамдық қызметтері үшін ол ел Президентінің қолынан «Құрмет» орденін алды.

 

- Сіз Мемлекет басшысының бастамаларын жүзеге асыруға белсенді қатысатын еліміздегі бірнеше мыңдаған ұжымы бар жетекші жоғары оқу орнын басқарасыз. Бүгінде қандай нәтижелерге қол жеткізіп, қандай жобаларды жүзеге асырдыңыздар?

 

- Ядросыз әлемге қарай ілгерілеу ғалымдардың, ой-пікірі ортақ адамдардың күш-жігерінсіз, біздің жалпы қатысуымызсыз мүмкін емес. Бұл орайда академиялық қауымдастық пен ғылыми қоғамдастықтың рөлі жайында айтқым келеді. ҚазҰУ БҰҰ-ны жаһандық хаб, ал Тұрақты даму жөніндегі ЮНЕСКО-ны Орталық Азия хабы ретінде бейбіт және тұрақты дамудың маңызды құндылықтарын ілгерілетуге бағытталған бірқатар ірі шараға бастамашылық етті. Жаһандық хаб алаңын, беделді халықаралық ұйымдармен, қозғалыстармен байланыстарды кәдеге жарата отырып, ҚазҰУ Президентіміздің бейбітшілікті сақтау және нығайту бағытындағы бастамаларын белсенді ілгерілетуде.

Радиоэкологиялық зерттеулердің экологиялық және әлеуметтің мәнін терең түсінген ҚазҰУ-дың химик ғалымдары бұрынғы Семей полигонының радиоэкологиялық ахуалын зерделеуге бағытталған екі ірі халықаралық жобаны ұйымдастырып жүзеге асырды. Осы халықаралық жобаларды жүзеге асырудың нәтижесінде университетімізде Мария Складовская-Кюри атындағы «Радиациялық экология» зертханасының құрылуы - аса маңызды жайт. Ол соңғы буынның заманауи аспаптарымен жабдықталған. Бұл әзірше еліміз үшін барынша өзекті радиохимия, радиобиология, радиациялық қауіпсіздік және радиациялық экологиямен байланысты салалардағы мамандарды дайындайтын Қазақстанның жоғары білім беру жүйесіндегі жалғыз ғылыми-білім беру зертханасы десек болады.

Елімізде атом энергетикасын дамыту бағдарламасын жүзеге асырылуы ядролық ғылымның басым бағыттары  бойынша озық іргелі және қолданбалы зерттеулердің жүргізілуіне септігін тигізеді. Осы бағдарламаның аясында АҚШ, Ресей, Жапония және басқа да мемлекеттердің ғалымдарымен бірлесіп, ядролық қалдықтады өңдеу, радиоактивті топырақты залалсыздандыру технологиясын, жаңа буынның болашағы зор қауіпсіз реакторларын жасау жоспарлануда. Мәселен, қазіргі уақытта Қазақстанның Ұлттық ядролық орталығы мен Жапонияның Атом энергетикасы агенттігі арасында ҚазҰУ-дың қатысуымен төртінші буынның жоғары температуралы газбен салқындатылатын реакторын бірлесіп әзірлеу келіссөздері аяқталуда.

Бұл тапсырмалардың жүзеге асырылуы ядролық бейіндегі біліктілігі жоғары мамандардың дайындық мүмкіншіліктерімен байланысты екендігі түсінікті. Сондықтан да  бүгінгі күні ҚазҰУ  Ұлттық ядролық орталықтың Ядролық физика институтымен, Жапонияның Атом энергетикасы агенттігімен және Хоккайда университетімен ынтымақтаса отырып, теориялық және эксперименттік ядролық физика, ядролық энергетика және ядролық технологиялар бойынша мамандар дайындауда. Студенттер, магистранттар, PhD-докторлар және жас мамандар Жапония, Франция, Италия және өзге де дамыған елдерде тағылымдамадан өтіп, әлемнің жоғары оқу орындарының қосарланған дипломын алады.

Қазіргі заманғы университеттердің миссиясы тек кәсіби кадрларды дайындаумен ғана шектелмейтіндігін айрықша баса айтқым келеді. ЖОО-лар әлем азаматтарын қалыптастыруда да зор жауапкершілікке ие.  Ұлы әл-Фараби айтқандай, «Адамға ең әуелі білім емес, тәрбие берілуі керек. Онсыз берілген білім - адамзаттың қас жауы».

Сондықтан әсіресе, жастардың арасында ядролық қарулану жолындағы бақталастықты тоқтату, барлық сынақ полигондарын жабу түсінігінің қалыптасуы зор мәнге ие.  Біздің студенттеріміз жобаларға, ағартушылық шараларға, акцияларға қатысу арқылы Президенттің «ХХІ ғасыр: Соғыссыз әлем», «АТОМ», «Жасыл көпір», жаһандыө энергоэкологиялық стратегиясы, «G-Global» сынды жаһандық бастамаларын қолдау қозғалыстарына тартылады.

Президентіміз атап өткендей, ядросыз әлемге қарай ілгерілеу - бұл конструктивті копполярлыққа апаратын жол. Осынау қайырымды  әрі маңызды істе ЖОО-лардың бірлескен және мақсатты қызметі әлемдік академиялық қоғамдастықты шоғырландыруға мүмкіндік береді, ядролық қатерге, қауіпсіздіктің жаңа сын-тегеуірініне қарсы тұрудағы оның рөлін арттырады, бейбіт және тұрақты дамудың маңызды құндылықтарын ілгерілету үшін қажетті жағдай жасайды.

Мемлекет басшысының ядролық қаруды таратпау саласындағы күш-жігері бүкіләлемдік қолдауға және жоғары халықаралық құрметке ие болды. Қазақстан беделінің өсуі мен әлемдік қоғамдастықтың мүлтіксіз сеніміне еліміздің 2017-2018 жылдары  БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшелігінің сайлануы-ақ дәлел бола алады. Президент манифестінде айтылған «Жаһандық стратегиялық бастамалар - 2045» жоспары жаһандық қауіпсіздік пен тұрақты әлемді қамтамасыз етудегі нақты модель бола аларына сенімдімін.

 

- Сұхбатыңызға рахмет!

Соңғы жаңалықтар