Ғалым коронавирус туралы: Профилактикалық қадамдарға мән берген жөн

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат –Қазақстанда коронавирус инфекциясына қарсы вакцинаны 1 ақпаннан бастап егу жоспарланып отыр. Халыққа екпе жұмыстары вакцинаның жеткізілу мөлшеріне қарай салынады. Осы орайда ауқымды шараға қатысты Қарағанды медицина университетінің проректоры, медицина ғылымдарының докторы, профессор Бақыт Көшерова түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Вакцина - ол инфекциялық аурулардан қорғанудың тиімді әрі қауіпсіз жолы. Оның ішінде COVID-19-дың таралуына тосқауыл қоюда тиімді болады деп ойлаймын. Туберкулез, полиомиелит, қызылша, қызамық және басқа да ауруларға қарсы вакцина бар. Осы орайда аталған аурулардың таралуы деңгейі төмендегенін білеміз. Індетті асқындырмас үшін тұмауға қарсы вакцинаны жыл сайын алып келеміз. Вакцина не үшін керек? Себебі инфекцияларға қарсы тиімді дәрілік препараттар жоқ десек болады. Бір жылдан астам уақыт ішінде коронавирусқа қарсы қанша дәрі-дәрмек пайдаланылып жатса да, індеттен емделудің нақты препараттары табылмады», - деді ғалым.

Бақыт Көшерованың пайымынша, осы бағытта вакцина өзінің тиімділігін көрсететін болады.

«Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, әлем елдерінде коронавирус инфекциясына қарсы 237 кандидат-вакцина зерттеумен қамтылып отыр. 64-і тіркелген вакцина кезеңінде болса, 8 вакцина енгізу деңгейінде. Көптеген елдер, медициналық қоғамдастық осының мыңызын түсініп отыр. Яғни ғалымдар індеттің таралуын тоқтату үшін екпе жасау тиімді әрі қауіпсіз екенін алға тартып отыр. Медицинада ең бастысы - ол алдын алу іс-шараларына екпін қою», - деді Б. Көшерова.

Оның сөзіне қарағанда, жыл сайын жүргізілетін вакциналау нәтижесінде әлемде 2 млн-нан 3 миллионға дейін өлім-жітімнің алдын алуға мүмкін болып отыр.

«Елімізде 21 инфекциядан екпе ақысыз жүргізіледі және олар профилактикалық екпе жасау күнтізбесіне енгізілген. Қазақстан профилактикаға қомақты қаражат бөліп келеді. Сондықтан көптеген аурулар бізде жойылды. Естеріңізде болса, қызылша тараған кезде қатты алаңдап едік. Вакциналау жолымен ауруға шалдыққандар санын азайта алдық», - деді профессор.

Сонымен қатар ол COVID-19-ға қарсы екпе жасау карантинге қалай әсер ететінін айтты. Вакциналауды енгізу нәтижесінде пандемиядан шығуға мүмкіндік болады. Түрлі карантиндер мен өзге де шектеу іс-шаралары азаяды.

«Қазіргі кезде әлем елдерінде індет жұқтырғандар саны артып келеді. Бұл жағдай денсаулық сақтау жүйесіне ауыр тиіп тұр. Осының салдарынан ауруханаларда орындар мен дәрі-дәрмектің тапшылығы орын алуы мүмкін. Сондықтан бұған жеткізбес үшін профилактикалық қадамдарға мән берген жөн», - деді Б. Көшерова.

Бұдан бөлек ғалым вакцинаға қарсылық білдіріп жатқандарға қатысты пікірін айтты.

«Вакцинаға қарсылық танытатын адамдар әрқашан да болады. Қоғамда қолдау білдірумен қатар, оған қарсылық таныту да заңды құбылыс. Бұл тұрғыда халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу керек. Осы процеске денсаулық сақтау жүйесінде көп жылдар бойы еңбек етіп келе жатқан беделді мамандар, дәрігерлер және басқа да сарапшылардың қосылуы маңызды. Олар вакцинаның құрамы жайында, әсері бойынша түсінік бергені жөн. Вакцинадан кейін дене қызуының көтерілуі, әлсіздік сияқты белгілер байқалуы мүмкін. Балаларыма екпе жасаған кезде, бірінші күні дене қызуы көтерілетін, яғни ағза иммунитет қалыптастырып жатқанына қуанатынбыз. Осының барлығын адамдарға дұрыс түсіндіру керек. Қызылшаға қарсы вакциналау жүргізген кезде ауқымды түсіндіру іс-шаралары ұйымдастырылған еді. Әрбір адам вакциналау өзін және жанындағы адамдарды қорғауға көмектесетінін түсінгені дұрыс. Дәл қазіргі жағдайда COVID-19-дан қорғалу мәселесін көтеріп тұрмыз», - деді Бақыт Көшерова.


Соңғы жаңалықтар