Ғали Есқалиев: Партияішілік сайлау өздеріне сенімді көшбасшыларды анықтайды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев елімізде басталған «Nur Otan» партиясының партияішілік сайлауына (праймериз) қатысты өз ой-толғамын білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өңір басшысы Facebok-тегі парақшасында мәлім еткеніндей, праймериз – барлық деңгейдегі мәслихаттар мен Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттығына, партия органдарына депутаттыққа ұсыну үшін партиялық тізімдерге одан әрі енгізу үшін өткізілетін партияішілік сайлау.

Облыс басшысының айтуынша, сайлау барысында партия мүшелері ең беделді партия жетекшілерін, ел тағдырына бей-жай қарамайтын, сындарлы ұсыныстар жасай алатын және қоғамда беделі жоғары адамдарды дербес анықтайды. Ол үшін барлық қатысушылар үшін тең жағдай жасалып, өзара бәсекелестік қамтамасыз етілген.

Азаматтардың денсаулық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін партияішілік сайлау «Праймериз» ақпараттық жүйесі арқылы онлайн режимінде дауыс беру тетігі жасалды. Праймеризді өткізу «Nur Otan» партиясының белсенділері мен жақтастарын, ең алдымен жастарды біріктіруге айтарлықтай серпін береді.

Әкімнің сөзіне қарағанда, партияішілік сайлау өздеріне сенімді көшбасшыларды анықтап, депутаттық корпустың одан әрі мықты болуына айтарлықтай әсер етеді.

«Мен барлық партия мүшелерін праймеризге белсенді қатысуға шақырамын. Бұл – сөзбен емес, іс жүзінде еліміздің дамуына өз үлесімді қосуға дайынмын дейтін азаматтарға керемет мүмкіндік!» деп түйіндеді ойын Ғ.Есқалиев.

«Nur Otan» партиясының партияішілік сайлауын өткізу ережелерімен https://nurotan.kz/primaryze?lang=ru сілтемесі арқылы танысуға болады.

https://www.facebook.com/gali.iskaliyev


Соңғы жаңалықтар