Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның әкімі халық алдындағы есепті кездесуін өткізді

None
None
АСТАНА. Ақпанның 8-і. ҚазАқпарат - Солтүстік Қазақстан облысы Ғабит Мүсірепов атындағы аудан әкімі Марат Тасмағанбетов Нежин ауылдық округінің тұрғындары алдында есеп берді.

Аудан басшысының өз баяндамасында келтірген деректеріне қарағанда, 2009 жылы дәнді дақылдар 618,7 мың гектарға егілген, бұл өткен жылмен салыстырғанда 12,5 мың гектарға артық. Ағымдағы жылғы астықтың жалпы түсімі 882 мың тоннаны құрап, гектарына 14,3 центнерден айналған. Оның ішінде 390 гектарға ресурстар үнемдейтін технология, ал 70 гектарда нөлдік технологиялар қолданылған. Сонымен қатар ауданның агроқұрылымдары, сондай-ақ майлы дақылдардан, картоптан, көкөністен де жақсы өнім жинаған.

2008 жылмен салыстырғанда, ет өндіру 1,2, сүт - 2,2, жұмыртқа - 6,1, жүн - 4,1 пайызға артқан. Ауданда 1 сүт өңдейтін, 14 ұн тартатын және 2 ет өңдейтін кәсіпорын жұмыс істейді. Өткен жылдың 11 айында ғана олар 55,7 мың тонна ұн, 8,4 мың тонна өсімдік майын, 110 тонна шұжық өнімдерін, 45 тонна сары май, 51 тонна сүт және қаймақ, 56 тонна сүзбе және ірімшік шығарған.

Аудан әкімінің айтуына қарағанда, өткен жылы мемлекеттік бюджеттен сумен жабдықтау жүйесін дамытуға 238,9 млн.теңге бөлініп, ол қаражат толығымен игерілген. Аталған қаражат Новоишимское, Буденное су құбыры желілерін жаңғыртуға, Урожайное ауылында сумен жабдықтау жүйесін іске қосуға жұмсалған. Ал «Жол картасы» бағдарламасы аясында бөлінген 24 млн. теңге аудан орталығының кәріз жүйесін жөндеуге бағытталған. 1 жылда 80-нен астам жеке үйлер салынып, пайдалануға берілген. Шағын және орта бизнес субъектілерінің барлық салаларында 276 қосымша жұмыс орындары ашылған.

Дағдарысқа қарсы бағдарлама аясында да бірқатар игі істер атқарылып, 13 нысанға 179,4 млн. теңге, әлеуметтік жұмыс орындарын ашу және жастар тәжірибесіне 15,3 млн. теңге бөлінген. Бұл 363 адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік берді.

Аудан әкімінің есептік кездесуіне Президент Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Арман Әбенов қатысты.

Соңғы жаңалықтар