G20 саммиті барлық елге тиімді экономикалық шешімдер қабылдауға ұмтылыс танытты

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚХР-дің Чжэцзянь про­вин­циясының бас қаласы - Ханчжоуда G20 саммиті өтті.

Бұл саммиттің ҚХР үшін де, әлемдік қоғам­дастық үшін де саяси мәні зор. Саммитке ҚХР-дің төрағалық етуі әлемдегі бірсыпыра тың жағдайлардың пайда болуымен тұспа-тұс келді: Қытайдың «Жібек жолы экономикалық белдеуі мен XXI ғасыр теңіз жібек жолы» бастамасының халық­аралық деңгейде жиі айтыла бастағандығы; Оңтүстік Қытай теңізін­дегі шиеленіскен жағдайға байла­нысты Гаага арбитраждық сотының шілде айында төрелік шешім шығаруы; Сад зымыран жүйесінің Оңтүстік Корея жеріне орнатылу жоспарының қабылдануы; АҚШ-тың кезекті президент сайлауы нау­қанындағы «АҚШ өзінің Қытаймен арадағы экономикалық-сауда қарым-қатынасын қайтадан қарастыру керек» деген тақырыптың қызу талқыға түскендігі.

Қытайдың бағына сай соңғы 30 жыл олар үшін дамудың ең қолайлы алтын кезеңі болып қалыптасты деп айтуға толық негіз бар: бұл кезеңде Қытай үшін қауіпсіздік тұрғысынан да, сыртқы экономикалық байланыс тұрғысынан да аса қолайлы жағдай туындаған. Кеңес Одағының құлауы және Жапония сияқты елдерде пацифизм пиғылының ұзаққа дейін басым болуы Еуразия мен Тынық мұхиты аймақтарына салыстырмалы түрдегі тыныштық пен қауіпсіздікті әкеліп, ғасырлар бойы төңірегіндегі елдермен күресуге мәжбүр етіп, тіпті Батыс елдерінің жартылай боданы болып та үлгерген қытай халқына тұңғыш рет назарын ішкі істеріне, әсіресе экономикалық жағдайларына аударуларына көбірек мүмкіндік берді. Ал 2001 жылғы 11 қыркүйектегі оқиғадан кейінгі АҚШ бастаған Батыс елдерінің Таяу Шығысқа назарларын аударып, сондағы былықтардан шыға алмай қалғандығы Қытай үшін тіпті де қолайлы жағдай туғызды.

Өзінің дамуына сай, ҚХР көптеген халықаралық ұйымдарда үлкен рөл атқара бастаған G20 саммитінің кезекті тізгінін өз қолына алуы - ҚХР-дің мәртебесі артқандығының белгісі. 1999 жылы бастау алған  G20 әлдеқашан «халықаралық эконо­ми­калық ынтымақтастықтың  премьер форумына» айналып, әлем эконо­ми­касындағы басқару істеріне зор ықпал жасай бастады. G7 және G8-бен салыстырғанда, G20-ның мынадай ерекшеліктері бар: біріншіден, G20-ның көлемі кеңірек. G20-ға дамыған елдер де, дамушы елдер де кіреді. G20-ның құрамына әлем халқы санының үштен екісі, территориясының 60%-ы, өндіріс қуатының 85%-ы және сауда көлемінің 80%-ы  кіреді.

Екіншіден, G20 теңдік принципке бейім. Мұндағы іс-әрекеттер көбірек консенсус қағидасы бойынша атқарылып, дамушы елдер мен дамыған елдер халықаралық экономика және қаржы мәселелері жөнінде тең дәрежеде пікір алмаса алады. Үшіншіден, G20 өзінің тиім­ділігін көрсетуде. Осыған дейінгі G20 саммиттерінде қабылданған бір­сыпыра шешімдер әлем жұртының қар­жылық дағдарысты тежеп, эконо­миканы дамыту істеріне, халық­аралық қаржы және валюта жүйе­леріне бағытталған реформалардың іл­герілеуіне оң ықпал жасап келген. Сондықтан, G20 саммитінің Ханчжоу қаласында өткізілуі ҚХР-дің халықаралық экономикалық сая­саттағы маңызды орнын көрсетеді.

Ханчжоу қаласында өткен сам­миттің өзіндік ерекшеліктері бар. Мұндағы көзге бірден көрінетін жайт - саммитке қатысушылардың құрамындағы өзгешелік. Оған БҰҰ, Халықаралық валюта қоры, Дүниежүзілік банк, Дүниежүзілік сау­да ұйымы,  Қаржылық тұрақтылық кеңесі, Халықаралық еңбек ұйымы және Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы сынды халықаралық ұйымдармен бірге, халықаралық аренада өзіндік ықпалы бар біраз жеке мемлекеттер де шақырылды.

Жоғарыдағы ерекшелік әуелі Қытай үкіметінің халықаралық экономиканы қалай дамыту керек деген жалпы түсінігімен, ондағы тың ұстаныммен байланысты дүниеге келіп отыр. 2016 жылғы 17 тамыз күні Қытай үкіметі тарапынан Бейжіңде өткізілген «OROB-ты дамыту мәселелеріне байланысты қызметтік форумында» ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин тұңғыш рет шицзие цзиньцзи зай пинхэн, яғни «Әлем экономикасын қайтадан қалыптастыру» деген ұғымды ұсынып отыр. Осылайша ҚХР өзінің қазіргі халықаралық экономикалық саясатына, ондағы ереже-қағидаларға көңілі толмайтындығын, ендігі кезекте сол саясат пен ереже-қағидаларды Қытайдың мүддесіне сай етіп өзгертуге өзі белсенді түрде кіріскісі келетіндігін аңғартып отыр. Ал мұның өзі сыртқы көз үшін ҚХР-дің ширек ғасырдан бері ұстанып келе жатқан Тао гуан ян хуэй, яғни «Төмен профильді саясат жүргізу» стратегиясынан ауып бара жатыр ма деген әсер қалдыруы мүмкін.

Сондықтан да, әлем жұрты Ханчжоу қаласындағы G20 саммитіне құлақ түрді. Мұнда экономикалық мәселелерімен қатар, көптеген саяси, қауіпсіздік мәселелері де кеңінен талқыланды. Халықаралық ортақ мүдде ескерілді.

Қорыта айтқанда, Ханчжоу қаласында аяқталған G20 саммиті әлем халықтарының игілігіне жарайтын экономикалық шешімдер қабылдауға ұмтылыс танытты. Енді сол арқылы халықаралық қоғамдастықтың келешек дамуына оң ықпалын тигізсе деген тілек бар.

Соңғы жаңалықтар