G-Global сұхбат алаңы Қазақстанның ғаламдық проблемаларға өз көзқарасын білдіруге мүмкіндік берді

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - G-Global сұхбат алаңы Қазақстанның ғаламдық проблемаларға қатысты өз көзқарасын білдіруге мүмкіндік берді. Бұл туралы пікірімен бүгін Алматыда өтіп жатқан «Тұрақты адами дамудың жаңа парадигмасы. G-Global - жаһандық диалог форматы» атты халықаралық конференция барысында Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының директоры Ерлан Қарин бөлісті.

«Аталған халықаралық шараның үлкен маңызы бар. Біріншіден, Алматыда әлемдік сарапшылар ғаламдық мәселелерді талқылап жатыр. G-Global жаһандық диалог форматы Қазақстанның ғаламдық проблемалар жөніндегі өз позициясын жеткізуге үлкен мүмкіндік беріп отыр. Елбасының G-Global идеясының аясында академиялық орталықтар мен ұйымдардың әлеуеті біріктіріліп отыр. Сондықтан бұл кездесудің академиялық ықпалдастық пен ғаламдық хабтың атынан ұйымдастырылып отырғаны жай емес», - деді Ерлан Қарин. Ерлан Қарин конференцияның пленарлық отырысында қазақстандық спикерлердің оқыған баяндамасын өте жоғары бағалады. Оның ойынша, әлемдік сарапшылар аудиториясы қазақстандық әріптестерінің айтқан тұщымды ойлары мен жаңа идеяларын қаперлеріне сақтап, болашақта проблемаларды шешу жолында кәдеге жаратады. Ақын, қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов те конференцияда айтылған 10 тезистің маңызын атап өтті. «Сөз жоқ, мұндай шаралар өте қажет. Осында айтылған 10 тезис әлі де толықтырылып, халықаралық сарапшылардың пікірімен екшеліп, халықаралық талқылауға жолдануы керек», - деді О.Сүлейменов. Айта кетейік, қарашаның 5-7-сі аралығында өтіп жатқан конференцияға Бүкіләлемдік өнер және ғылым академиясы, Әлем университеттері консорциумы, ғалымдардың Еуразиялық экономикалық клубы, римдік және мадридтік клубтар, Халықаралық жасыл крест, сонымен қатар ірі халықаралық қоғамдық бірлестіктер, ЖОО және қорлар, ILO, ЮНЕСКО, ПРООН, OECD, Халықаралық еуропалық қозғалыс, Болашақ дамудың әлемдік қоры және басқа әлемдік ұйымдар өкілдері қатысуда.

Соңғы жаңалықтар