Футзал: Бүгін жартылай финалда «Қайрат» «Барселонамен» кездеседі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін, 1 мамырда футзалдан UEFA Чемпиондар лигасының жартылай финалында Алматының «Қайраты» Испанияның «Барселона» командасымен кездеседі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ойын елорда уақытымен 23.50-де басталып, «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.

Аталған турнирде командалар үш мәрте кездесті. Үшеуінде де қазақстандық клубтың мерейі үстем болды. Алдымен 2013 жылы жартылай финалда «Қайрат» оларды 5:4 есебімен тізе бүктірді. Ал 2015 жылы қазақстандық футзалшылар испаниялық клубты финалда 3:2 есебімен сүріндірді. 2019 жылы жартылай финалда «Барселона» тағы да «Қайратқа» 2:5 есебімен жол берді.

Биылғы турнирдің ширек финалында «Қайрат» Португалияның «Бенфикасынан» 6:2 есебімен басым түссе, «Барселона» Словенияның «Добовец» командасын 2:0 есебімен жеңді.

Айта кетерлігі, бүгінгі кездесуде қазақстандық клубтың негізгі қақпашысы Игита ойынға қатыса алмайды. Ол «Бенфикамен» кездесуде қызыл қағаз алып, алаңнан қуылды. Оны 19 жастағы Нарун Серіков алмастырып отыр. Ал «Барселона» сапынан ойыншы Серхио Лосано мен қақпашы Микеля Фейшас кездесуден тыс қалды.

Аталған турнирдің ширек финалдан басталған ойындары Хорватиянығ Задар қаласында өткізілуде. Жартылай финалға «Қайрат» пен «Барселонадан» өзге «Интер» (Испания) және «Спортинг» (Португалия) командалары шықты.

Финалдық ойын 3 мамырда өткізіледі.

«Қайрат» 2013, 2015 жылдары чемпион атанды. Ал 2019 жылы екінші орын алса, 2009, 2011, 2017 жылдары үздік үштіктен көрінді.


Соңғы жаңалықтар