Футболдан Қазақстан суперкубогі: «Тобыл» жеңімпаз атанды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін, 6 наурызда футболдан 2021 жылғы суперкубоктің жеңімпазы анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Түркістан қаласындағы «Түркістан-арена» стадионында өткен финалда Қостанайдың «Тобыл» және елордалық «Астана» командалары кездесті.

Естеріңізге сала кетелік, жартылай финалда «Астана» қарағандылық «Шахтерден» 2:1 есебімен басым түсті. Ал «Тобыл» Алматының «Қайратымен» негізгі кезеңде 3:3 есебімен тең ойнап, пенальтиде орта жолда қалдырып кетті.

Бүгінгі кездесуде қос команда да ойын басынан шабуылға иек артты. Бір-бірінің қақпасы маңынан жиі бой көрсетті. Осындай сәттердің бірінде «Тобыл» футболшысы Сергей Малый 14-минутта елордалық команда қақпасына гол соғып кетті. Ойынның 90-минутында Марин Томасов айып добынан таразы басын теңестірді.

Негізгі кезең 1:1 есебімен тең түсіп, пенальти тебуде «Тобыл» мүлт кеткен жоқ. Осылайша қостанайлық клуб Қазақстан суперкубогінің биылғы иегері атанды. Өз тарихында «Тобыл» тұңғыш рет осындай табысқа кенеліп отыр.

Бүгінгі күнге дейін суперкубокте ел чемпионы мен кубок иегері шеберлік байқасты. Финалда тоғыз команда бақ сынаған. Олардың арасында «Астана» сегіз мәрте финалда ойнап, бес мәрте (2011, 2015, 2018, 2019, 2020) кубокті иеленді. Одан кейінгі кезекте Алматының «Қайраты» 5 мәрте финалда бақ сынап, үшеуінде (2016, 2017) жеңімпаз атанды. Ал «Ақтөбе» 2 (2008, 2010), «Елімай» (1995), «Ордабасы» (2012), «Шахтер» (2013) командалары бір-бірден жеңімпаз тұғырынан көрінді.

Айта кетейік, 13 наурызда футболдан Премьер-лига командалары ел біріншілігі жалауын көтереді.


Фото: pflk.kz


Соңғы жаңалықтар