Футболдан Қазақстан чемпионаты: «Қайрат» биыл қола жүлдені місе тұтты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Футболдан Премьер-лига командалары арасындағы ел біріншілігінің 24-туры мәресіне жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүл күні үш кездесу өткізілді. Чемпиондыққа талас жүргізіп келе жатқан елордалық «Астана» мен қостанайлық «Тобылы»кезекті жеңісіне қол жеткізді.

«Астана» өз алаңында Қызылорданың «Қайсарын» 2:0 есебімен тізе бүктірді. Кездесуде Тигран Барсегян – 74, Марин Томасов 89-минутта мергендік танытты.

Дәл осындай есеппен «Тобыл» сырт алаңда Петропавлдың «Қызылжарынан» басым түсті. Ойын барысында олардың қатарынан Игорь Сергеев – 33, Жереми Манзорро 77-минутта көздеген нысанадан мүлт кеткен жоқ.

Тағы бір кездесуде «Тараз» сырт алаңда Талдықорғанның «Жетісуын» 2:1 есебімен жеңіп кетті. Ойында тараздық клубтан Ненад Адамович 67-минутта гол соқса, алаң иелері сапынан Диас Қалыбаев 86-минутта таразы басын теңестірді. Ал 92-минутта Тимур Досмағамбетов «Таразға» жеңіс алып келді.

Еске салсақ, 16 қыркүйекте «Қайрат» сырт алаңда «Ақтөбені», Шымкенттің «Ордабасы» командасы өз алаңында «Атырауды» 2:1 есебімен жеңді. Қарағандының «Шахтері» өз алаңында Ақтаудың «Каспийін» 1:0 есебімен сүріндірсе, Оралда «Ақжайық» пен Түркістанның «Тұраны» 1:1 есебіне қанағат білдірді.

Аталған турдан кейін «Қайрат» биылғы біріншіліктің қола жүлдесін місе тұтты. Ал «Қайсар» Премьер-лигадағы орнын сақтап қала алған жоқ. Қызылордалық клубтың қазір 16 ұпайы бар. Олардың алдындағы 12-орынға жайғасқан «Тұран» 25 ұпай еншілеген еді. Сондықтан оларды «Тұранды» қуып жете алмайды. Бұдан бұрын бірінші лигаға «Жетісу» да түсіп қалды.

Енді 25-тур ойындары 23 және 24 қазан күндері өтеді.


Соңғы жаңалықтар