Футболдан Қазақстан біріншілігі: «Тобыл» «Атыраудан» басым түсті
Аталған турдағы алтыншы жұпта Қостанайда жергілікті «Тобыл» «Атыраумен» шеберлік байқасты. Қостанайлық клуб биыл да турнир кестесінде үздіктер қатарында көрініп келеді. Ал «Атырау» ала-құла ойынымен көзге түсіп жүр.
Ойын барысында екі команда да тең дәрежеде шеберлік көрсетті. Екеуі де есеп ашатын бірнеше мүмкіндікті мүлт жіберді. Дегенмен 80-минутта қостанайлық Серікжан Мужиков қақпаны дәл көздеді. Ойынның 92-минутында оның командалас әріптесі Жереми Манзорро қорытынды есепті белгіледі. Осылайша «Тобыл» қарсыласынан 2:0 есебімен басым түсті.
Аталған жеңістен кейін «Тобыл» 21 ұпаймен екінші орынға жайғасты. Көш басында 26 ұпаймен «Астана» командасы тұр.
Айта кетейік, аталған турдағы төрт ойын 8 мамыр күні өткізілді. Сол күні өз алаңында Қызылорданың «Қайсары» Оралдың «Ақжайығынан», «Тараз» елордалық «Астанадан» 0:1 есебімен жеңіліп қалды .
Ал Алматының «Қайраты» Қарағандының «Шахтерімен» 1:1, Ақтаудың «Каспийі» Шымкенттің «Ордабасы» клубымен 0:0 есебімен тең түсті.
Сондай-ақ, бүгін «Ақтөбе» сырт алаңда Талдықорғанның «Жетісуын» 5:1 есебімен тізе бүктірді .