Футболдан Қазақстан біріншілігі: «Қайрат» пен «Тобыл» тең түсті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін, 19 cәуірде футболдан Премьер-лига командалары арасындағы ел біріншілігінің алтыншы туры мәресіне жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аталған турдың екінші күнінде төрт ойын өткізілді. Алғашқы ойында Талдықорғанның «Жетісуы» өз алаңында Шымкенттің «Ордабасы» клубына 0:4 есебімен жол берді. Ойын барысында шымкенттік командадан Александр Симчевич 27, Эльхан Астанов 57, Жоао Паоло 60, Мирзад Механович 94-минуттарда гол соқты.

Сырт алаңда Қарағандының «Шахтері» «Ақтөбені» 3:0 есебімен тас-талқан етіп жеңді. Бұл жолы қарағандылық клуб сапынан Арсен Хубулов 5, 23, Айдос Тәттібаев 73-минуттарда мергендік танытты.

Түркістанда «Тұран» Ақтаудың «Каспий» клубымен 2:2 есебімен тең түсті. Ойын барысында алаң иелері қатарынан Нкоби Чисом Стэнли 60, 67-минуттарда гол соқса, «Каспий» сапынан Арман Нүсіп 31, Давид Караев 84-минуттарда қақпаны дәл көздеді.

Дәл осындай есеп Алматы қаласында «Қайрат» пен Қостанайдың «Тобыл» командалары арасында тіркелді. Алаң иелерінен Хосе Канте 20, 67-минуттарда қос голдың авторы атанды. Оған қостанайлық клубтан Азат Нұрғалиев 3, Неманья Николич 70-минуттарда көздеген нысанадан мүлт кеткен жоқ.

Естеріңізге сала кетелік, 18 сәуірде өз алаңында «Астана» «Қызылжарды» 3:1, «Тараз» «Ақжайықты» 1:0 есебімен жеңді. Ал «Қайсар» мен «Атырау» ойынында 1:1 есебі тіркелді.

Жетінші тур ойындары 23 және 24 сәуір күндері өткізіледі.


Соңғы жаңалықтар