Футболдан Еуропа чемпионаты: Нидерланды Украинадан басым түсті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат- Бүгін футболдан Еуропа чемпионатының финалдық сатысындағы топтық кезеңде Нидерланды мен Украина құрамалары кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.


Аталған кездесу доп додасындағы үшінші ойын күнін түйіндеді. Матч Нидерланды астанасы Амстердам қаласындағы Йохан Круифф стадионында болды.

Аталған екі команда С тобында сынға түседі. Қарсыластары - Австрия және Солтүстік Македония құрамалары.

Екі құрама бұған дейін екі мәрте кездескен. Біреуінде нидерландиялық футболшылардың мерейі үстем болса, біреуінде тең нәтиже тіркелген.

Бүгінгі ойында нидерландиялық құраманың басымдығы аңғарылып тұрды. Ойынның көп бөлігінде тізгінді өз қолына алуға тырысты.

Алғашқы екі голды Нидерланды футболшылары соқты. Алдымен Жоржиньо Вейналдум 52-минутта есеп ашса, одан кейін Ваутер Вегорст 58-минутта мергендік танытты.

Бұдан кейін Украина сапынан Андрей Ярмоленко 75-минутта көздеген нысанадан мүлт кеткен жоқ. Ал 78-минутта тағы бір украиналық футболшы Роман Яремчук таразы басын теңестірді.

Нидерланды өкілі Дензел Дюмфрис қолайлы сәтте Украина қақпасынан саңылау тауып, қорытынды есепті белгіледі.

Осылайша, Нидерланды қарсыласын 3:2 есебімен жеңді.

Еске салсақ, аталған топтағы Австрия Солтүстік Македониядан 3:1 есебімен басым түсті.

С тобындағы келесі тур ойындары 17 маусым күні ойналады. Бұл күні Нидерланды мен Австрия, Украина мен Солтүстік Македония кездеседі.


Соңғы жаңалықтар