Футболдан Еуропа чемпионаты: Англия мен Хорватияның қайсысы басым түседі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін футболдан 2020 жылғы Еуропа чемпионатының финалдық кезеңінде үш ойын болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгінгі ойындар С және D топтарында өткізіледі.

Алғашқы кездесуде D тобындағы Англия мен Хорватия құрамалары жасыл алаңға шығады. Ойын Англия астанасы Лондон қаласындағы «Уэмбли» стадионында өткізіледі.

Екі құрама бұған дейін 10 мәрте кездесті. Оның екеуінде хорваттар жеңіске жетсе, бесеуінде ағылшындар басым түсіп, үш ойын тең аяқталды.

Еуропа чемпионаты финалдық сатысына Англия бұған дейін тоғыз мәрте қатысты. 1968, 1996 жылдарда қола жүлдегер атанды. Ал Хорватия бес мәрте ойнап, 1996, 2000 жылдарда ширек финалға дейін жетті.

Ойын елорда уақытымен 18.50-де басталып, «Qazaqstan» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.

С тобындағы алғашқы кездесуде Австрия мен Солтүстік Македония құрамалары шеберлік байқасады. Ойын Румыния астанасы Бухарест қаласындағы Националь стадионында өтеді.

Екі құрама бұған дейін екі мәрте шеберлік байқасқан. Екеуінде де австриялық футболшылар жеңіске жетті.

Құрлықтық доданың финалдық сатысында австриялық футболшылар үшінші мәрте бақ сынайды. Бұдан бұрын олар 2008, 2016 жылдарда топтық кезеңде ойнады.

Солтүстік Македония Еуропа чемпионаты финалдық сатысына тұңғыш рет жолдама алып отыр. Әзірге бұдан басқа қол жеткізген жоғары нәтижесі жоқ.

Кездесу елорда уақытымен 21.50-де басталып, «Qazaqstan» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.

Үшінші ойын күнін С тобындағы Нидерланды және Украина құрамалары қорытындылайды. Кездесу Нидерланды астанасы Амстердам қаласындағы Йохан Круифф стадионында болады.

Екі құрама бұған дейін екі мәрте кездесті. Біреуінде нидерландылық футболшылардың мерейі үстем болса, біреуінде тең нәтиже тіркелді.

Құрлықтық додаға тоғызыншы мәрте қатысқан нидерландылық құрама 1988 жылы чемпион атанса, төрт мәрте қола жүлдеге қол созды.

Украина құрамасы биыл үшінші мәрте кәрі құрлықтағы үздіктер қатарында сынға түседі. Бұдан бұрын 2012, 2016 жылдарда топтық кезеңнен әріге аса алған жоқ.

Кездесу елорда уақытымен 00:50-де басталып, «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.

Бұдан бұрын А және В топтарында алғашқы тур ойындары өткізілді.

Соңғы жаңалықтар