Футболдан Еуропа чемпионаты: Англия мен Хорватия плей-офф кезеңіне шықты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Футболдан Еуропа чемпионатының финалдық сатысының топтық кезеңінде D тобында 1/8 финалға шыққан құрамалар анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аталған топтағы үшінші турда екі ойын өткізілді. Нәтижесінде алғашқы екі орынға табан тіреген құрамалар анықталды.

Хорватия мен Шотландия кездесуінде негізінен екінші жолдама иесі белгілі болды. Екі ойында небәрі бір ұпайға ие болған қос құрама жеңіске жеткен жағдайда жарысты жалғастыруға мүмкіндік алатын еді.

Сондықтан хорваттан ойын барысында алға ұмтылды. Нәтижесінде олардың қатарынан 17-минутта Никола Влашич есеп ашса, шотландиялық футболшы Каллум Макгрегор 42-минутта таразы басын теңестірді. Ал Хорватия сапынан Лука Модрич 62, Иван Перишич 77-минуттарда мергендік танытты.

Бүгінгі ойында хорваттар қарсыласын 3:1 есебімен жеңді. Сол арқылы Хорватия топта екінші орын алып, плей-офф кезеңіне шықты.

Тағы бір ойында Чехия мен Англия құрамалары жасыл алаңға шықты. Кездесу тағдырын 12-минутта Рахим Стерлинг соққан жалғыз гол шешті. Осылайша ағылшын футболшылары 1:0 есебімен жеңді. Англия жеті ұпай жинап, өз тобында бірінші орынға жайғасып, плей-офф кезеңіне жолдама алды.

Айта кетейік, бұған дейін 1/8 финалға тікелей жолдама алған алты құрама белгілі. Олардың қатарында А тобында Италия мен Уэльс, В тобында Бельгия мен Дания, С тобында Нидерланды мен Австрия құрамалары бар.


Соңғы жаңалықтар