Футболдан ел чемпионатында «Ақжайық» пен «Мақтаарал» тең тарқасты

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Футболдан Қазақстан чемпионатының оныншы турында Оралдың «Ақжайығы» өз алаңында «Мақтаарал» командасын қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Турнир кестесінде қонақтар көш соңында келе жатса, осыған дейін екі рет қатарынан ұтылған алаң иелеріне де ұпай ауадай қажет еді.

«Ақжайықтың» бас бапкері, украиналық маман Владимир Мазяр өткен матчтағы құрамға бір ғана өзгеріс енгізіп, ресейлік Артур Газданов бірден ойынға қосылды.

Бірінші таймда қос команда шабуылдауға тырысып баққанымен, есеп ашылған жоқ.

Екінші кезеңде 55-минутта екінші ескерту қағазын алған «Мақтаарал» сапындағы ресейлік Расамбек Ахматов алаңнан қуылды. Алайда, бұдан кейін алаң иелері шабуылға көшкенімен, ештеңеге қол жеткізе алмады. Есеп – 0:0.

Бұл ойыннан кейін 11 ұпай жинаған В. Мазярдың шәкірттері 10-орынға көтерілді.

Он бірінші турда 15 мамырда «Ақжайық» «Таразға» қонаққа барса, «Мақтаарал» өз алаңында Ақтаудың «Каспийін» қабылдайды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын футболдан ел чемпионатында «Ақтөбенің» «Ақжайықты» ұтқанын, Қазақстан ұлттық құрамасына жаңа бас бапкер тағайындалғанын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар