Футболдан ӘЧ- 2022: Еуропадағы іріктеу кезеңінің жеребесі 7 желтоқсанда тартылады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Футболдан 2022 жылғы әлем чемпионаты Еуропадағы іріктеу кезеңінің жеребесі 7 желтоқсанда Швейцарияның Ньон қаласында тартылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Халықаралық футбол федерациясы (FIFA) сайтында әлем чемпионаты іріктеу кезеңі жеребесі алдында құрамалардың қай себетте болатыны жарияланды. Қазақстан құрамасы бесінші себетке енгізілген. Федерацияның соңғы рейтингінде қазақстандық құрама 122-орынға жайғасқан. Себеттерге орналасу тәртібі сол рейтинг негізінде жасалған.

Айта кетейік, жеребе нәтижесінде еуропалық құрамалар он топқа бөлінеді. 2021 жылғы Ұлттар лигасының финалдық сатысында бақ сынаған құрамалар ойын көрсететін топтарда бес, қалғанында алты құрамадан бақ сынайды. Он жеңімпаз әлем чемпионатына финалдық кезеңіне тікелей жолдама алса, екінші орын алғандар және Ұлттар лигасында үздік шыққан екі құрама плей-офф сатысында ойнайды. Плей-офф сатысында үш топтан жеңімпаз болғаны дүбірлі додаға жолдама алады.

Құрамалар жеребе алдында төмендегіше себеттерге бөлінген:

Бірінші: Бельгия, Франция, Англия, Португалия, Испания, Италия, Хорватия, Дания, Германия, Нидерланды;

Екінші: Швейцария, Уэльс, Польша, Швеция, Австрия, Украина, Сербия, Түркия, Словакия, Румыния;

Үшінші: Ресей, Венгрия, Ирландия, Чехия, Норвегия, Солтүстік Ирландия, Исландия, Шотландия, Грекия, Финляндия;

Төртінші: Босния және Герцеговина, Словения, Черногория, Солтүстік Македония, Албания, Болгария, Израиль, Беларусь, Грузия, Люксембург;

Бесінші: Армения, Кипр, Фарер аралдары, Әзербайжан, Эстония, Косово, Қазақстан, Литва, Латвия, Андорра;

Алтыншы: Мальта, Молдавия, Лихтенштейн, Гибралтар, Сан-Марино.

Еуропа құрлығындағы іріктеу кезеңі 2021жылдың наурызы мен 2022 жылдың наурызы аралығында болады. Жарыстың финалдық сатысы 2022 жылдың 21 қарашасы мен 18 желтоқсан аралығында өткізіледі.

Әлем чемпионаты іріктеу кезеңі Оңтүстік Америка, Африка, Азия құрлықтарында өтіп жатыр. Алдағы жылы ол Солтүстік Америка құрлығы және мұхит аймағында басталады.


Соңғы жаңалықтар