02:10, 09 Қазан 2021 | GMT +6
Футбол: Қазақстан жастары Бельгиядан екінші мәрте жеңілді
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін 21 жасқа дейінгі жастар арасында футболдан 2023 жылғы Еуропа чемпионаты іріктеу сатысында Қазақстан үшінші ойынында Бельгиямен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Еске салсақ, Қазақстан жастары I тобында сынға түсті. Қарсыластары - Бельгия, Дания, Шотландия және Түркия құрамалары.
Бүгінгі кездесуде бельгиялық футболшылар қазақстандық құрама қақпасына жауапсыз екі гол соқты. Оны Лоис Опенда 61, Йорбе Вертессен 84-минутта өзінің еншісіне жазды.
Осылайша Қазақстан жастары қарсыласынан 0:2 есебімен жеңіліп қалды.
I тобында 3 ойыннан кейін 9 ұпай жинаған Бельгия көш бастап келеді. Әзірге ұпай еншілей алмаған Қазақстан бесінші орында тұр.
Енді жастарымыз елордада 12 қазанда өз алаңында Түркиямен жасыл алаңға шығады.
Бұдан бұрын олар 4 маусымда өз алаңында Бельгиядан 1:3 есебімен жеңілсе, 7 қыркүйекте Данияға 0:1 есебімен жол берді.