Франк Риестер: Франция – Қазақстан үшін Еуропадағы үшінші экспорттаушы ел

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Франция Республикасының Еуропа және сыртқы істер министрі жанындағы Сыртқы сауда және экономикалық тартымдылық жөніндегі министр-делегат Франк Риестер Қазақстанға алғашқы сапармен келді. Осы сапар аясында ҚазАқпарат тілшісі Франция өкілімен сұхбаттасып, Қазақстанның Франция компаниялары үшін несімен тартымды екенін сұраған болатын.

- Коронавирус туғызған пандемия бүкіл әлемнің экономикасына әсер етті. Ал Қазақстан мен Франция арасындағы сауда қатынастары бұл сынға қалай төтеп берді деп ойлайсыз?

- Пандемия әлем экономикасында бұрын-соңды болмаған күйзеліс туғызды. Франция мен Қазақстан арасындағы сауда қатынастары да бұл қиындықтардан тыс қалған жоқ.

Алайда, мен Францияның 2020 жылы Қазақстанмен жетекші іскерлік серіктестік ұстанымын сақтағанын ерекше атар едім. Біздің экспорт тіпті 40% - ға өсті. Осылайша, Франция Қазақстан жеткізушілері арасында сегізінші орында тұр. Еуропа елдірінің арасында үшінші экспорттаушымыз. Сондықтан біздің қарым-қатынасымыз берік. Екі елдің экономикалық ынтымағына оптмистік тұрғыда қараймын. Өйткені пандемиямен бірге келген дағдарысқа да бірге төтеп бере алдық.

- Екі ел арасындағы сауданың дәл бүгінгі жағдайы қандай? Қазақстан экономикасына тартылған тікелей инвестициялардың ағыны қай деңгейде?

- Энергетика, көлік, денсаулық сақтау немесе туризм сияқты түрлі саладағы француз компаниялары бізді Қазақстандағы жетекші шетелдік инвесторлардың бірі етіп тұр. Мұндай қарыс-қатынас кеше ғана пайда болған жоқ, бұл серпін біз биыл отыз жылдығын атап өтіп отырған Қазақстанның тәуелсіздігі жарияланған сәттен бастап қалыптасты. 2008 жылы стратегиялық әріптестігіміздігімізді құжатпен бекітуіміз оны тіптен жеделдетті. Француз компаниялары осы қатынастарды нығайтып, тереңдетуге ниетті екеніне сендіре аламын.

Биыл екі үлкен инвестицияны жүзеге асырдық. Алдымен Airliquide серіктесі «ҚазМұнайГазбен» бірге Атырау мұнай өңдеу зауытында өнеркәсіптік сутегі мен азот газдарын өндіру зауытын қалпына келтіріп, жаңғыртуға 100 миллион доллардан астам инвестиция салды. Осылайша, компания Қазақстанның өнеркәсіптік артықшылығын нығайтуға және оның экономиканы әртараптандыру саясатына өз үлесін қосып отыр.

Аéroport de Paris компаниялар тобының TAV Airports еншілес компаниясы Алматы әуежайын сатып алдып, нысанды Орталық Азияның аймақтық платформасына айналдыру үшін халықаралық жолаушыларға жаңа терминал құрылысы басталғанын жариялады.

Мен үшін тағы бір ерекше құнды жоба қолға алынды. Франция үкіметі органикалық қалдықтардан тыңайтқыш алу технологиясын зерттеп, енгізу үшін 500 000 еуро көлемінде қаржы бөлмекші. Бұл жобаны Syctom компаниясы Ақкөл қаласында шағын және орта бизнсті қолдау аясында жүзеге асырады. Жоба Қазақстанның 2060 жылға қарай көміртегі балансын 0-ге жеткізу жөніндегі климаттық амбициясына сай келеді. Бұл ілкі тәжірибе кейін Қазақстанның қалған бөлігінде жанданады үміттенемін.

- Франция компаниялары Қазақстан экономикасының энергетика, ауыл шаруашылығы, машина жасау және басқа да секторларына кеңінен тартылған. Тағы қандай бағыттарға инвестиция салуларыңыз мүмкін?

- Әлем экономикасы бетпе-бет келіп отырған қиындықтарға қарамастан, көптеген француз компаниялары Қазақстанда тұрақтағысы немесе осында жұмыс істегісі келеді. Оған дәлел, қазіргі уақытта менімен бірге көптеген француз компанияларын біріктіретін MEDEF International делегациясы Қазақстанға сапармен келіп отыр. Француз компаниялары Қазақстанның үлкен экономикалық әлеуеті бар деп есептейді. Кейбір секторларда ерекше мониторинг жүргізіліп жатыр. Бұл агробизнеске, жаңартылатын энергия көздеріне, Денсаулық сақтау, туризм және тұрақты қалаға қатысты. Менің Қазақстанға сапарымның мақсаттарының бірі – Францияның шағын және орта кәсіпорындарына мұнда тамаша мүмкіндіктер бар екенін және олардың нарықтарды жаулап алу үшін көптеген артықшылықтары бар екенін көрсету. Франция мен Қазақстан Үкіметтері қабылдаған экспортты қолдау тетіктерімен өздеріне беріліп отырған артықшылықтарды, ноу-хау серпінділігін біріктіре отырып, мұнда үлкен табысқа жетуге болады.

Француз компанияларының Қазақстанға деген қызығушылығын Франция және Қазақстан Сауда-Өнеркәсіп палатасының белсенді әрі тиімді жұмыс істеп тұрғанынан көруге болады. Биыл осы палатаның құрылғанына бес жыл толады.

- Франция мен Қазақстан арасында ұзақ мерзімді бірлескен жобалар бар ма? Сіздің ойыңызша, экономикалық ынтымақты нығайта түсу үшін не жетіспейді?

- Франция мен Қазақстанның стратегиялық әріптестігі ұзақ мерзімді бірлескен жобаларға негізделген. Жиырма жылдан астам уақыт бойы Францияның ірі өнеркәсіптік топтары энергетика өндірісі, авиация, теміржол жабдықтарының құрылысы және ғарыш саласы сияқты негізгі және құрылымдық салаларда қазақстандық компаниялармен әріптестік қатынастарды жолға қою туралы шешім қабылдады.

2018 жылы екі ел президенттері Франция-Қазақстан экономикалық ынтымақтастығының 2021-2030 жылдарға арналған Жол картасына бастамашы болды. Индустрия және инфрақұрылымды дамыту министрі Б.Атамқұлов мырзамен бірге сол құжатқа қол қоямыз. «Жол картасы» таяудағы он жылға біздің екіжақты экономикалық қатынастарымызға жаңа серпін береді. Яғни, қазіргі әріптестік қатынастарды нығайтады және тың бағыттар ұсынады.

Менің ойымша, екі арадағы экономикалық қатынастар көптеген бастамалармен келесі онжылдық ішінде әртараптандырылып, үнемі кеңейе түсуі үшін барлық жағдай жасалған. Осылайша, Bpifrance мемлекеттік инвестициялық банкі мен «Самұрық-Қазына» дербес қоры 2020 жылдың қазан айында Қазақстанға инвестиция салғысы келетін француз компанияларын қаржыландыру үшін 100 миллион еуро көлемінде бірлескен инвестициялар туралы келісімге қол қойды. Менің ойымша, жақын арада нақты жобалар іске асады.

- Қазақстан мен Францияның ғарыш саласында ынтымағы ерекше. Атап айтқанда, қазақстандық және франциялық компаниялар Жерді қашықтан зондтаудың алғашқы қазақстандық жүйесін құру бойынша бірлескен жобаны іске асырды. Бұл сала қазір қалай дамуда? Ғарыш саласындағы ынтымақтастықтағы алдағы көкжиегі қандай?

- Бұл – 2009 жылы басталған және қазақстандық «Ғарыш Сапары» және Airbus Defence and Space компанияларына тиесілі «Ғалам» атты бірлескен кәсіпорынды құрумен аяқталған ұзақ мерзімді жоба. Франция осы ынтымақты дамыта түсуге дайын.

Жалпы алғанда, Франция мен Қазақстанның ғарыш кеңістігінде индустриялық саясат туралы ұстанымдары ұқсас. Юрий Гагариннің Байқоңырдан ұшуының елу жылдық мерейтойында мен осы саладағы қарым-қатынасымызға жаңа серпін беретін барлық тәсілдерді зерттегім келеді. Францияның Еуропадағы ғарыш қызметінің негізгі ойыншысы екенін білесіздер.

- Таяуда біздің тарап Парижде өткен үкіметаралық комиссия отырысында Франция инвесторларын елімізде агроөнеркәсіптік кешен саласындағы жобаларды іске асыруға шақырды. Қазақстан мен Франция ауыл шаруашылығында қандай жобаларды жүзеге асыра алады?

- Ауыл шаруашылығы стратегиялық экономикалық сектор болып саналады. Оның ішінде азық-түлік қауіпсіздігінің маңызы зор. Біздің өндірушілер мен фермерлердің қолында бүкіл әлем бойынша теңдессіз ноу-хаулар бар. Аграрлық азық-түлік секторындағы француз компаниялары Қазақстанда өте жақсы имиджге ие болып үлгерген. Мысалы, Lactalis сияқты компаниялар Қазақстанның сүт өндірісі саласында бұрыннан жұмыс істеп келеді.

Алайда, Франция мен Қазақстан арасындағы агроазық-түлік тауарлары саласындағы сауда көлемі бұрынғысынша, әсіресе Қазақстанның өзінің орасан зор егістік жерлері мен өз өнімін шығара алатын ірі нарықтарға географиялық жақындығы сияқты күшті жақтарын ескере отырып, қол жеткізе алатын деңгейден төмен болып қалуда. Қазақстанда француз инвесторларының оның ауыл шаруашылығының бірқатар салаларында: мал шаруашылығында, өсімдік шаруашылығында, сондай-ақ сүт пен ет өңдеуде көбірек қатысуына сұраныс бар. Ауыл шаруашылығы біздің екіжақты қарым-қатынастарымызды дамытудағы басым бағыт бола алар еді. Екі елдің құзыретті органдары осы маңызды мәселе бойынша бірлесіп жұмыс істеуде. Әсіресе Boehringer Ingelheim әзірлеген ветеринарлық дәрі-дәрмектерді тарату орталығын құру жобасын ерекше атар едім.

- Коронавирус жағдайына қатысты сұрақ қоймау мүмкін емес. Франция коронавируспен қалай күресуде? Бизнес қаншалықты жанданып кете алды?

- Франция үкіметі коронавирустың таралуын бәсеңдетуге бағытталған шаралар қабылдады. Оның ішінде кешкі коменданттық сағат енгізу және COVID-19 вирусын жұқтыруға ықпал ететін нысандарды жабу шаралары ұдайы қабылданып отырды. Эпидемия кезінде мемлекет жұмысшылардың денсаулығын қорғауға және сақтауға бірінші кезекте назар аударды. Соның ішінде жұмыс берушілерді қашықтан жұмыс істеуге шақырды.

Сонымен бірге, Үкімет халықтың ең осал топтарын, сондай-ақ медицина қызметкерлерін қорғау үшін вакциналау науқанын ұйымдастырды. Ол біртіндеп елдің барлық тұрғындарын қамтып жатыр. Бүгінгі таңда 17 миллионға жуық адам кем дегенде бір рет екпе алды. 7 миллионнан астам толық доза алды. Бұл халықтың 32% және 14% деген сөз.

Денсаулық сақтау саласындағы жағдайдың жақсаруы дүкендерді, қоғамдық тамақтану орындарын және мәдени нысандарды кезең-кезеңімен аша бастауымызға, шектеу шараларын біртіндеп жеңілдетуге мүмкіндік береді.

- Біздің елге бірінші рет келіп отырсыз ба? Қазақстан несімен қызықтыра алды?

- Бұл менің Қазақстанға алғашқы сапарым. Қазақстан көптеген жағынан тартымды ел дер едім. Ең алдымен, Каспий жағалауы, Алтай таулары және Ұлытау сияқты шексіз алуан ландшафтарымен ерекше. Бірақ елдің шынайы байлығы оның тұрғындарында жатыр. Қазақстандықтар – өз тәуелсіздігін берік ұстанатын, дәстүрлерін мақтан тұтатын, төзімді және әлемге ашық халық.

Мен сондай-ақ қазір Қазақстанда маңызды саяси оқиғалар болып жатқанын айтар едім. Президент Тоқаевтың басшылығымен Қазақстан экономикасын одан әрі жаңғыртуға, сондай-ақ құқық үстемдігін нығайтуға, адамның негізгі құқықтарын сақтауды ынталандыруға және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске бағытталған ауқымды реформалар жүргізілді. Бұл реформалар қажет. Франция бұл реформалық ұмтылысты толығымен қолдайды. Менің Қазақстанға келуіме осы өзгерістер де саяси негіз болып отыр.

- Франк Риестер мырза, сұхбатыңызға рахмет!


Соңғы жаңалықтар